
Қарағанды облысында жабайы жануарлардың санын есепке алу мақсатында әуе патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараны облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп ұйымдастырды. Мамандар арқар, елік, киік және басқа да жануарлардың таралу аймағын анықтап, сонымен қатар браконьерлік фактілерді анықтауда.
Әуе патрульдеу алғаш болып Қарқаралы ауданында өтті. Есептеу жұмыстары Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және Қу орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы аумағында жүргізілді. Әуеден жүргізілген бақылау нәтижесінде 298 арқар, 12 марал, 15 бұлан және шамамен 20 мың киік тіркелді.

Патруль кезінде тіркелмеген азаматтық қаруы бар браконьерлер ұсталды. Табиғатты қорғау полициясы қаруды бірден тәркілеп, құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырды.
«Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы аясында әуе мониторингі Ақтоғай және Шет аудандарында да ұйымдастырылды. Бұл аймақтарда заңбұзушылық деректері анықталған жоқ. Дегенмен, ұшу бағыты бойынша табиғатты қорғау қызметкерлері 137 арқар мен 7 елікті есепке алды.
Сондай-ақ Бұқар жырау ауданы аумағында әуе патрульдеу кезінде тіркелмеген қаруы бар тағы бір браконьер ұсталды. Оның қаруы тәркіленіп, аудандық тірек пунктіне тапсырылды.
Әуе мониторингінің басты мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасының орындалуын бақылау, заңсыз аңшылықтың алдын алу және жабайы жануарлар популяциясын сақтау.