
Қарағандыда ауыл мектептерінің 700-ден астам дарынды оқушысы өз білімдері мен қабілеттерін көрсету үшін бас қосты. Мұнда 9–11 (12) сынып оқушылары арасында республикалық пәндік олимпиаданың III (облыстық) кезеңі басталды.

Бұл білім сайысы өңірде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Олимпиада бес күнге созылып, қаладағы төрт мектептің базасында 13 жалпы білім беру пәні бойынша өтуде.

Байқауды Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны»балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

— Олимпиадаға тек ауылдық мәртебесі бар мектептердің оқушылары қатысады. Бұл балаларға өз деңгейлес құрдастарымен тең жағдайда бақ сынауға мүмкіндік береді. Мұнда арнайы лицейлер мен гимназиялар қатыспайды, сондықтан бағалау процесі барынша әділ әрі ашық өтеді, — деді орталық директоры Серікжан Дамысхан. — Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық олимпиадаға тікелей жолдама алады. Ал республикалық деңгейдің жүлдегерлері ұлттық құраманың сапына еніп, халықаралық білім додаларында Қазақстанның атынан өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Байқаудың басты мақсаты — ауылдық мектептердің талантты оқушыларын анықтап, олардың білімге деген құштарлығын қолдау және әрі қарай дамуына тең мүмкіндік жасау.
