
Теміртау қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амантай Айдархановтың құрметіне арналған «JENYS CUP – Огни Магнитки – 2025» халықаралық дзюдо турнирі басталды. Дәстүрлі түрде өтетін жарыс биыл да QARMET спорт кешенінде ұйымдастырылып, татамиге Қазақстан мен шетелдің ең үздік жас спортшылары шықты.

Биылғы додаға еліміздің 20 өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де шетелдік клубтардан 500-ден астам балуан қатысуда. Турнир республикалық деңгейде өтеді, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.

Жарысты Қарағанды облысының дзюдо федерациясы, «JENYS» кәсіби спорт клубы, QARMET компаниясы, Теміртау қаласының әкімдігі, Теміртау жастар клубы және «Шаңырақ» еріктілер орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Алексей Ломакиннің айтуынша, турнир бұрынғы дәстүрін сақтай отырып, жыл сайын жаңа форматтар мен жаңашыл бастамалар арқылы жетілдіріліп келеді.

– Бұл турнир көптеген спортшылар үшін кәсіби мансаптағы маңызды баспалдақ. Біз әр қатысушы үлкен спорттың рухын, жарыс алаңындағы ерекше атмосфераны сезінсін деп бар жағдайды жасадық, – дейді ұйымдастыру комитетінің мүшесі Қайрат Абдуллаев.
Биыл ұйымдастырушылар спортшылардың тұрмыстық жағдайына және қауіпсіздік мәселесіне айрықша көңіл бөлген. Қатысушыларға жайлы қонақүй, тамақтану, көлік және тәулік бойы ілесіп жүру қызметі қарастырылған. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде.

– Біздің міндетіміз – қатысушылардың бар ойы татамидегі белдесуге, жеңіске бағытталуы. Әуежайдан қарсы алудан бастап финалдық айқасқа дейінгі барлық кезең мұқият ойластырылған, – дейді логистика жөніндегі үйлестіруші Нағызбек Мекен.

Жарыстың ұйымдастырылуына «Шаңырақ» еріктілер орталығының еріктілері де белсенді атсалысып жатыр. Олар спортшылар мен төрешілерге көмек көрсетіп, делегацияларды ертіп жүреді, бағдар мен салтанатты рәсімдердің үйлесімді өтуін қамтамасыз етеді.

«Огни Магнитки» турнирі алғаш рет 1970-жылдары өткен. Ал 2001 жылы Амантай Айдархановтың бастамасымен жарыс қайта жаңғыртылып, бүгінде оның есімімен аталады.

– Теміртаудың татамиінде кезінде Еуропа, Азия, әлем және Олимпиада чемпиондары шыққан болашақ жұлдыздар күресті. Бұл жарыс – Теміртаудың спорттық тарихының бір бөлігі, біздің мақтанышымыз әрі дәстүріміз, – деді Алексей Ломакин.

Турнир төрт күнге созылады. Алғашқы үш күн жеке белдесулерге арналса, соңғы күні – JENYS кубогы сарапқа салынатын командалық сайыстар өтеді. Жеңімпаздар медальмен, қаржылай сыйақымен және турнирдің арнайы брендтік сыйлықтарымен марапатталады.

Финалдық белдесулер 2 қараша күні QARMET спорт кешенінде өтеді. Көрермендер жарысты YouTube арқылы тікелей эфирде тамашалай алады: judogame.kz/live.
