
Қазақстанда «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының қорытындысы жарияланды. Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 64 мұғалім осы мәртебелі атаққа ие болды. Олардың қатарында Қарағанды облысының да ұстаздары бар. Жеңімпаздарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 4 млн теңге) көлемінде сыйақы табысталды.

Қарағандылық мұғалімдер өз кәсібилігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, байқау лауреаттары атанғандар:

Гүлжан Әлібаева – Шет ауданының Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер;

Меруерт Қабылова – Қарағанды жоғары «Bolashaq» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші.
Астанада өткен марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға марапаттарды ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады. Биылғы байқау үш кезеңнен тұрды: аудандық, облыстық және республикалық. Бәсекелестік жоғары болды.

Биыл республика бойынша байқаудың іріктеу кезеңіне шамамен 1500 педагог қатысқан. Оның тең жартысы облыстық деңгейге өткен. Финалға 174 қатысушы жолдама алып, соның ішінен үздіктер анықталды.

– Әлі де ерекше әсердемін. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Байқау аясында Астанада халықаралық университеттің педагогикалық колледжінде ашық сабақ өткіздім, – дейді Меруерт Қабылова. – Білім беру саласында 22 жылдан астам еңбек етемін: оның 10 жылын мектепте, соңғы 12 жылын «Bolashaq» колледжінде өткізіп келемін. Қазір тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарамын және қазақ тілі мен әдебиетін оқытамын. Республикалық деңгейде қорғаудан өткен әдістемелік құралым бар. Педагогикалық идеялар халықаралық жәрмеңкесінде үшінші орын иелендім. Менің студенттерім еліміз бойынша үздік 100-дікке еніп, республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.

«Үздік педагог» республикалық байқауы дәстүрлі түрде 2012 жылдан бері өткізіліп келеді.