Теміртауда өткен еңбек жәрмеңкесінде жұмыс берушілер жүзге жуық бос орын ұсынды

Теміртауда өткен еңбек жәрмеңкесінде жұмыс берушілер жүзге жуық бос орын ұсынды

Теміртауда техникалық колледж базасында Мансап орталығы ұйымдастырған еңбек жәрмеңкесіне жүзден астам қала тұрғыны қатысты. Іс-шара жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің тікелей жүздесіп, өзара пікір алмасуына мүмкіндік берген тиімді алаң болды.

Жәрмеңкеге пробация қызметінің инспекторлары, осы қызметте есепте тұрған жұмыссыз азаматтар, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Барлығы 100-ден астам адам келді.

Қаладағы өндіріс, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларын қамтитын 25 кәсіпорын өз ұсыныстарын ортаға салды. Жалпы саны жүзге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 20 қатысушы тұрақты жұмысқа жолдама алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарды еңбекке орналастыруға жәрдемдесу және жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында тікелей байланыс орнату.

Бүгінде enbek.kz электронды еңбек биржасында Теміртау қаласы бойынша 660-қа жуық өзекті бос жұмыс орны жарияланған.