Осакаровкада полицияның заманауи жедел басқару орталығы ашылды

Осакаровкада полицияның заманауи жедел басқару орталығы ашылды

Осакаров ауданында полицияның жедел басқару орталығы ашылды. Оның жүйесіне қоғамдық орындарда және аудан орталығының көшелерінде орнатылған 109 бейнебақылау камерасы қосылған, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда 900-ден астам камера біріктірілген. Полиция қызметкерлері тәулік бойы нақты уақыт режимінде болып жатқан оқиғаларға мониторинг жүргізеді. Бұл оқиғаларға жедел ден қоюға және қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлімшенің ашылуына Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Какажанов пен Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысты.

– Біздің бөлімде заманауи Жедел басқару орталығы өз жұмысын бастады. Оны іске қосу қауіпсіздік деңгейін арттыруға және қоғамдық тәртіпті бақылауға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесі арқылы 45 құқық бұзушылық анықталды, – деді Осакаров аудандық полиция бөлімінің бастығы Әзиз Жұмағазиев.

Жақын арада жүйені кеңейту және адамдар көп жиналатын жерлерде жасанды интеллект элементтері бар зияткерлік камераларды орнату жоспарлануда.

Осакаровка тұрғындары жаңашылдықты оң бағалады.

– Бақылау бар жерде тәртіп те бар. Мұндай камералардың көбеюін қалаймыз, – деп бөлісті жергілікті тұрғын Иван Естефеев.

Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша