«Шахтер-М» футбол клубының жастар командасы 2025 жылғы маусымды Екінші лига командалары арасында Қазақстан біріншілігінде екінші орында аяқтады. Бұл дивизионда клубтардың жастар құрамы өнер көрсетеді.
Қарағандыда футболшылар, жаттықтырушылар және клуб өкілдері марапатталды.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев медальдарды табыс ете отырып, бұл нәтиже жаңа жетістіктердің басы екенін атап өтті.
— Сіздерді екінші орынмен құттықтаймын. Жетістікпен тоқтамаңыздар, әрқашан жеңуге ұмтылыңыздар! Жаттықтырушыларға жұмыста табыс тілеймін. Инвестордың клубқа келуімен нәтижелер одан да жақсаратынына сенімдімін, — деді Серік Сәпиев.
«Шахтер-М» бас жаттықтырушысы Андрей Финонченко команданың сенімді ойын мен жоғары табандылық көрсеткенін атап өтті.
— Біз екінші орын алдық, бірақ әрқашан бірінші болуды мақсат етіп қоямыз. Барлық балалар жақсы өнер көрсетті. Біздің міндетіміз - негізгі команда үшін ойыншыларды дайындау, оларға тәжірибе беру. Қараша айында жаңа маусымға дайындықты бастаймыз. Мақсат — чемпион болу, — деп атап өтті жаттықтырушы.
Өңірде спорттың осы түрін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Он мектепте футбол сабақтарын енгізуге бағытталған ALGA! пилоттық жобасы іске асырылуда. 2029 жылға қарай жасанды жабыны бар он шағын форматты алаң салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, қазіргі заманғы футбол академиясы салынып жатыр, ол «Шахтердің» болашақ ойыншыларын даярлау базасына айналады. Жаңа бағдарламалар 40 мыңнан астам оқушы мен үш мыңнан астам студентті қамтуы тиіс.
Бүгінде облыста 32 мыңнан астам адам футболмен шұғылданады, оның ішінде 10 мыңы ауылдық жерлерде. Жүзден астам команда құрылып, үш жабық манеж бен 160-тан астам футбол алаңы салынды.