
Республика күні қарсаңында Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға еліміздің барлық аймағынан келген өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары қатысты. Олар – көпшілікке үлгі көпбалалы, еңбек адамдары және шығармашыл отбасылар.

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 3434 өтінім түсті. Әр облыста өз жеңімпазы анықталып, бар-жоғы 20 отбасы марапатталды.

Қарағанды облысының атынан Саран қаласындағы Ключниковтар отбасы қатысты.

Жеңімпаздарға мүсінше, диплом және бір миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандық отбасыларды қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік жағдайлар жақсарып, ана мен баланы қорғауға айрықша мән берілуде.
– Президентіміз биылғы Жолдауында да азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды міндеттер жүктеді. Мұның бәрі еліміздегі әр отбасының өміріне оң ықпал етуді және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Сонымен қатар кейінгі жылдарда бұл салада кешенді бастамалар табысты қолға алынғанын да атап өткен жөн. Нақты айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Жас буынның сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатымен «Келешек мектептері» сияқты жобалар жүзеге асырылуда. Білім беру процесіне цифрлық технологияны енгізуге арналған іргелі істердің де мәні зор. Сонымен қатар, ана мен бала денсаулығын сақтау, олардың құқығын қорғау басты назарда. Балалы отбасыларды қолдау шаралары нығайып, сәби күтімі үшін өтемақы төлеу мерзімі де ұзартылды, – деді Сенат Төрағасы.

Биыл байқау он екінші рет өткізілді. «Мерейлі отбасы» – рухани және отбасылық құндылықтарды, отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылы құрылған ұлттық жоба.

Осы жылдар ішінде байқауға 20 мыңнан астам қазақстандық отбасы қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі