Милан подиумында – Қарағанды көмірі: дизайнер Ольга Целлер ерекше әшекейлер топтамасын ұсынды

Милан подиумында – Қарағанды көмірі: дизайнер Ольга Целлер ерекше әшекейлер топтамасын ұсынды

Қарағандылық TuLOla зергерлік бренді Миланда өткен сән апталығында таныстырылды. Оның негізін қалаушы Ольга Целлер көрмеге тұрақтандырылған көмірден жасалған ерекше әшекейлерді дайындады.

Ольга зергерлік бұйымдарды 2016 жылдан бастап жасай бастаған. Ол кезде табиғи тастармен, былғарымен, зергерлік шайырмен және өзге де материалдармен жұмыс істеген. Ал көмірді қолданысына 2019 жылы енгізгкн — ол Қазақстан қалаларына арналған жобаға қатысып, Қарағандыны бейнелейтін киімге арналған аксессуарлар әзірледі. Сол кезде кеншілер өңірінің символы ретінде көмірді қолдану туралы ой келген. Алғашқы жұмысы — ірі сырға болды.

– Әрине, ол сырғаларды тағуға келмейтін: олар өте нәзік еді, тері мен киімді кірлететін. Уақыт өте келе көмірді тұрақтандыруды үйрендім. Ол үшін зергерлік шайырды пайдаланамын. Шайыр көмірдің құрылымын бекітеді және оның ештеңені былғауына жол бермейді, – дейді шебер.

Кейін Ольга көмірдің түрлерін, олардың қасиеттерін ажырата білуді үйренді. Дизайнер жеке үйде тұрады және пеш жағу үшін көмір сатып алады. Кейде көмірдің арасында минералды қоспалары бар ерекше түрлері кездеседі — шебер дәл осындай көмірді өз жұмыстарында қолданады. Оның айтуынша, ең әдемісі – жоғары сапалы антрацит.

– Әрине, мұндай көмірді жылытуға әкелмейді. Ол өте қымбат әрі әр бөлшегін жеке таңдау қажет. Бірақ біз көмір сатып алатын компания менің немен айналысатынымды біледі, сондықтан маған міндетті түрде бір шелек антрацит әкеліп береді, – дейді Ольга.

Ольганың жұмыстары бірнеше рет Қазақстандағы байқауларда марапатталып, түрлі көрмелер мен арт-жәрмеңкелерде көрсетілген. Ал қыркүйек айының соңында ол Милан сән апталығында өз топтамасын таныстырды. Ресми шақыртуды алу үшін шебер ұйымдастырушыларға өз бұйымдарының эскиздерін жолдаған.

– Мұндай көрсетілімдерге қатысу ақылы. Сома аз болмағандықтан, маған шығармашылық топпен келіп, шығынды бірге бөлуге болатынын айтты. Мен солай істедім, – дейді дизайнер.

Ольга Миланға модель ретінде өз құрбылары мен таныстарын шақырды. Оның идеясы – әшекейлерді кәсіби модельдер емес, қарапайым әйелдер таныстырса деген болатын. Негізгі талап – бойының ұзындығы 165 сантиметрден жоғары және сымбатты болу. Сапар алдында барлық қатысушы подиумда жүріс пен позаны үйренді. Нәтижесінде әртүрлі жастағы және мамандықтағы әйелдерден құралған топ жиналды. Ең жасы – 23 жаста.

– Кейбір қатысушылар Миланға отбасымен бірге барды: олар қаланы көруді және сонымен қатар көрсетілімге қатысуды жоспарлады. Жалпы біз 14 адам болдық, – дейді Ольга.

TuLOla бренді Миланда шынайы қызығушылық тудырды. Еуропалық сән сарапшылары идеяны, эстетиканы және орындалу сапасын жоғары бағалады.

Ольга алдағы уақытта да брендті дамытып, әшекейлер ассортиментін кеңейтуді және қазақстандық дизайнды халықаралық деңгейде танытуды жоспарлап отыр. Қараша айында ол өз бұйымдарын Kazakhstan Fashion Day және Turkey Fashion Week шараларында ұсынбақ.