«Менің атым – Қазақстан»: ерекше есім қарағандылық жігіттің тағдырына қалай әсер етті

«Менің атым – Қазақстан»: ерекше есім қарағандылық жігіттің тағдырына қалай әсер етті

Қазақстан есімді қарағандылықтың жасы отызда. Ол бүкіл өмірінде өзімен аттас адамды кездестірмегенін айтады. Республика күні қарсаңында ол ел құрметіне қойылған есімнің оның мінезі мен көзқарасын қалай қалыптастырғанын және өмір жолын қалай айқындағанын әңгімелеп берді.

Қазақстан Жарқын 1995 жылы дүниеге келген. Сәбиге бұл есімді 90 жастағы әжесі қойған — туған жерін, елін шын жүректен сүйген нағыз отаншыл жан.

— Әрине, бұл есім менің өміріме өз таңбасын қалдырды. «Қазақстан» деген атты алып жүру — үлкен жауапкершілік. Тіпті мамандығымды да осы есімім айқындаған шығар деп ойлаймын, — дейді ол.

Бүгінде Қазақстан жедел уәкіл болып қызмет атқарады. Өз елінің игілігі үшін еңбек ететінін мақтан тұтады. Қызметінен тыс уақытта ол спортпен де белсенді шұғылданады. Қазақша күрестен спорт шеберлігіне үміткер, түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері.

— Турнирлерде менің есіміме әрдайым назар аударады. «Жарқын Қазақстан!» деп жариялаған сәтте бәрі айналасына қарап, «Бұл кім екен?» деп іздей бастайды. Адамдар таңырқап, есімімді есте сақтап қалады, — дейді ол күлімдеп.

Мектеп кезінде оның сыныптастарының барлығының есімдері үйреншікті болған. Сол себепті Қазақстан кейде өзінің ерекше аты үшін қысылатын.

— Қазір еш ұялмаймын, керісінше, мақтан тұтамын. Өйткені бұл жай ғана есім емес — бұл менің болмысымның, менің елге деген сүйіспеншілігімнің бір бөлігі, — дейді ол.

Қарағанды облысында «Қазақстан» есімді жеті тұрғын бар.

Осындай есім иесі үшін әр күн — туған елдің атын абыроймен алып жүрудің жауапкершілігі. Ал Қазақстан Жарқын бұл есімге лайық болу үшін бар күшін салып келеді.