Бөтелке тапсыр — сыйлық ал: ҚарИУ студенттері экологиялық бастаманы қолдады

Бөтелке тапсыр — сыйлық ал: ҚарИУ студенттері экологиялық бастаманы қолдады

Қарағанды индустриалды университетінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында экологиялық акция өтті. Студенттер қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып, пластик бөтелкелерді қайта өңдеуге тапсырды.

Акция тұрақты түрде өткізіліп келеді және бүгінде университет жастарының сүйікті экологиялық дәстүріне айналған. Ұйымдастырушылар — «Шаңырақ» еріктілер орталығының белсенділері — қатысушыларға арнайы сыйлықтар дайындады: бес бөтелке өткізген студенттерге шоколад пен төсбелгі, ал 12 және одан да көп бөтелке тапсырғандарға термос, экосөмке сияқты сыйлықтар берілді.

Мерекелік көңіл күйді ерекше кейіпкер — Экоша есімді үлкен қуыршақ көтерді.

– Біздің мақсатымыз тек пластик жинау емес, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, – дейді студенттер. – Көпшілік пластик қалдықтарының қоршаған ортаға қаншалықты зиян келтіретінін аңғармайды. Біз осы арқылы әр адамның табиғатты қорғауға өз үлесін қоса алатынын көрсеткіміз келеді.

Студенттердің бастамасымен төрт контейнер пластикалық қалдық жиналды.

ҚарИУ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша