Қарағанды облысының шамамен 2000 ауыл оқушысы IQanat олимпиадасына қатысып жатыр

Қарағанды облысының шамамен 2000 ауыл оқушысы IQanat олимпиадасына қатысып жатыр

Қарағанды облысында республикалық IQanat олимпиадасының алғашқы кезеңі басталды. Биыл өңірдің ауыл мектептерінен 1800-ден астам оқушы қатысуға тіркелді.

Бірінші кезеңнің мақсаты – білімге ынтасы жоғары, табанды оқушыларды анықтау.

– Қатысушылардың математикалық және оқу сауаттылығын, логикалық ойлау қабілетін және қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын кешенді тестілеу жүргізіледі, – деді IQanat қорының өңірлік үйлестірушісі Айман Мақажанова.

Сонымен қатар қатысушылар үшін мотивациялық кездесулер ұйымдастырылуда.

Олимпиаданың үш кезеңінен сәтті өткен жеңімпаздар IQanat High School of Burabay мектеп-интернатында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады немесе үш жылдық олимпиададан кейінгі сүйемелдеу бағдарламасына қатысады. Осы кезеңде оқушыларға ҰБТ мен халықаралық емтихандарға дайындық, ағылшын тілі, IT, кәсіпкерлік және басқа да заманауи бағыттар бойынша оқыту жүргізіледі. Қор мамандары олардың жетістіктерін үнемі бақылап, оқу процесінде көмек көрсетеді.

Биыл Қарағанды облысынан бес оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде білім алу құқығын жеңіп алды, тағы екі оқушыға қордың қамқоршылық гранттары табысталды.

IQanat – еліміздің 200-ден астам кәсіпкерінің қолдауымен жүзеге асырылған әлеуметтік-білім беру жобасы. Оның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі балаларға сапалы білім алуға және өз әлеуетін дамытуға тең мүмкіндік беру.