Қарағандылық Тимофей Муравьёв тағы да еліміздің ең үздік дрон-пилоты екенін дәлелдеді. Ол Қаскелең қаласында өткен Aspan Fest 2025 фестивалінде жеңімпаз атанып, өз мансабындағы үшінші чемпиондық кубогын иеленді.
Биылғы фестивальге 10 елден 80-нен астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында Әзербайжан, Беларусь, Польша және Моңғолияның дрон-спортшылары да болды. Бағдарламаға дрон жарыстары, дрон-футбол, авиамодельдік шоу, шеберлік сабақтары мен дрон технологиялары бойынша дәрістер енді.
Келушілер FPV-симуляторында өздерін пилот ретінде сынап көріп, арнайы шеберлік сабақтарында дронның құрылымымен танысты, тіпті өз модельдерін жинап, баптауды үйренді.
– Aspan Fest – Қазақстандағы ең ірі дрон-рейсинг жарысы. Алғаш рет фестиваль 2023 жылы Оралда өткен, сол кезде Тима бірінші орынды иеленді. Келесі жылы Алматыдағы жарыста да чемпион атандық. Биыл Қаскелеңде өткен фестивальде елдің ең мықты пилоттары жиналды. Нәтижесінде Тима тағы да үздік шығып, Қарағандыға үшінші кубогын алып келді, – дейді жас чемпионның әкесі Сергей Муравьёв.
Айта кетейік, биыл тамыз айында 12 жастағы Тимофей Муравьёв әлемнің үздік он дрон-пилотының қатарына енген болатын.