Қарағандыда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда спорт саласындағы мамандарды даярлаудың заманауи тәсілдері мен тиімді модельдері талқыланды. Мұндай форматтағы іс-шара алғаш рет тек өңірде ғана емес, бүкіл республика көлемінде ұйымдастырылды. Жиын тәжірибелі мамандар мен ғылыми орта өкілдерін біріктіріп, қазақстандық спорт индустриясы үшін жаңа буын менеджерлерін даярлаудың негізін қалады.
«Білім беру жүйесіндегі спортты дамытудың базалық негіздері» атты конференцияны Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум жұмысына 450-ден астам маман – спорт басқармаларының өкілдері, жаттықтырушылар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Шақырылған спикерлер мен коучтар қатарында Санкт-Петербург қаласындағы П. Ф. Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетінің жетекші сарапшылары болды.
– Бұл конференция Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр және толығымен спорт менеджментіне арналды. Қазіргі таңда бұл тақырып ерекше өзектілікке ие. Біздің университетте «Дене шынықтыру және спорт менеджменті» мамандығы ашылып, осы бағытта жаңа оқу бағдарламасы жасалды. Сонымен қатар П. Ф. Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетімен тығыз әріптестік орнаттық, – деді конференцияның ашылуында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағанбетов.
Конференция аясында үш бағыт бойынша шеберлік сабақтары өтті: спорт менеджменті, спорттық медицина және оңалту, сондай-ақ спорт психологиясы.
Іс-шара қорытындысында Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті базасында жаңа микробіліктілік бағдарламаларын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бастама отандық спорт менеджерлері, дәрігерлер мен психологтарды кәсіби деңгейде даярлауға жол ашып, еліміздегі кәсіби және бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек.
Конференция барысында университет Қарағанды дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерімен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бір орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.