
Бұқар жырау ауданында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары қарқынды жүріп жатыр. Бұл бастамалар өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Соның бірі — Доскей ауылындағы кәріз жүйесін толық реконструкциялау. 1980-жылдары салынған бұл желілер бүгінде тозығы жетіп, қайта жөндеуді қажет еткен еді. Жөндеу жұмыстары өткен жылы басталып, биыл толық аяқталмақ.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаның жүзеге асырылуын жеке бақылауында ұстап отыр.

Өңір басшысы кезекті рет Доскей ауылына барып, құрылыс қарқыны мен атқарылған жұмыстың сапасын тексерді.

Ауданның құрылыс бөлімінің басшысы Әлішер Жаржановтың мәліметінше, қазіргі таңда жұмыстардың 90 пайызы орындалған.

— Сегіз көшеде кәріз желілері тартылып бітті, қазір тағы бір көшеде жұмыс жүргізілуде. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 18 шақырым желі қарастырылған, оның 17 шақырымы толық аяқталды. Енді нысанды толық бітіруге аз ғана уақыт қалды. Техникалық қадағалау мамандары сапаны тұрақты бақылауда ұстап отыр, олардың өкілдері нысанда күн сайын жұмыс істейді, — деді ол.

Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Доскейде су құбыры желілері жаңғыртылды. Енді сумен қамту тұрақты әрі үздіксіз болуы үшін қосымша су қоймасы салынуда.

Сонымен қатар, сорғы станциясын жаңарту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар ауылдағы сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін айтарлықтай арттырады.
