Мүмкіндіктер алаңы: Қарағанды облысында шығармашыл және белсенді жастарға арналған орталықтар жұмыс істейді

Мүмкіндіктер алаңы: Қарағанды облысында шығармашыл және белсенді жастарға арналған орталықтар жұмыс істейді

Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығында жастарға өзін-өзі дамыту мен шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда подкаст жазуға, дизайн-жоба әзірлеуге, бейнеролик түсіруге немесе коворкинг аймағында жұмыс істеуге болады. Орталықта телестудия, фотостудия, дыбыс жазу бөлмесі, клубтар мен оқу алаңдары бар. 14 пен 35 жас аралығындағы кез келген жас өз қабілетін сынап, кәсіби мамандардың қолдауына ие бола алады.

Айбат Жанақов КВН ойындарына сценарий жазады.

— Мен режиссура саласын дамытуды мақсат еттім, — дейді ол. — Жастар орталығында заманауи құрал-жабдықтар бар: жарық, камера, дыбыс жүйесі — бәрі кәсіби деңгейде. Бұл — техникаға қолы жете бермейтін, бірақ үйреніп, шығармашылықпен айналысқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Ең бастысы — өзіңе сеніп тапсырылған іске ұқыптылықпен қарау.

Бүгінде өңірде облыстық орталықтың жетекшілігімен 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Мұнда коворкинг аймағы, подкаст және дизайн студиялары, дәріс залы мен дыбыс жазу студиясы бар. 14 пен 35 жас аралығындағы кез келген адам бұл орталықтарда өз қабілетін дамытып, кеңес алып, жеке жобасын жүзеге асыра алады — бәрі тегін.

— Қазір біз комьюнити-орта бағытын дамытып жатырмыз. Бұл — жастардың оқып қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасып, өз бастамаларын ортақ іске айналдыратын заманауи алаңдар, — дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Кабергенов. — Жалпы, домбыра тарту, шешендік өнер, вокал және басқа да бағыттар бойынша жеті қызығушылық клубын құру көзделген. Біздің мамандар мен шақырылған сарапшылар қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөліседі және жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты кеңестер ұсынады. Ең бастысы — жастардың бас қосып, араласып, жаңа идеялар тудыра алуында.

Клубтардың пилоттық кезеңі облыстық Жастар ресурстық орталығының базасында өтеді. Қатысушылардың сұранысы мен пікірлері ескерілгеннен кейін жоба барлық аудандарға таратылады.

Шығармашылық әлеуетті дамытуға ерекше мән берілуде. Қазан айының соңында орталық студиясында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабаймен подкаст жазылады. Ал қарашада стендап-әртістерді даярлау курстары басталмақ.

Сонымен қатар, орталықта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен бизнес-клуб ашылады. Қатысушылар кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, оқу соңында арнайы сертификаттарға ие болады.

Жастар орталығында әлеуметтік жобалар да жүзеге асуда. Солардың бірі — Анонимді тәуелділер клубы, ол жақындарының тәуелділік проблемасына тап болған отбасыларға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетеді. Мұнда апта сайын кездесулер, дәрістер және пікірталастар өткізіледі.

Esbol qory-ның фронт-кеңсесінде нашақорлық пен психобелсенді заттардың таралуына қарсы бағытталған фильм көрсетілімдері мен жастармен кездесулер ұйымдастырылады. Тек алғашқы айдың өзінде бес рейд және үш ақпараттық сессия өткізілді.

Интеллектуалдық бағыттағы жобалар да дамып келеді. Қараша айында Сараптама мектебі өз жұмысын бастайды.

Жастар ресурстық орталығының тағы бір маңызды жобасы — ауыл жастарына арналған «Ұлт Қазынасы». Оның мақсаты — ауылдық жерлердегі жастардың әлеуетін ашып, олардың туған жерде қалып, өз кәсібін дамытуына жол ашу. Бағдарлама аясында әртүрлі сала мамандары ментор ретінде қатысып, тәжірибесімен бөлісіп, жастарға мансап жолын қалыптастыруда бағыт береді.