Қарағандылық жігіт Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық байқауда жүлдегер атанды

Қарағандылық жігіт Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық байқауда жүлдегер атанды

Отыз жастағы қарағандылық Владислав Горизанов елдің ең үздік үш көркемсөз оқу шеберінің қатарына енді. Ол Атырау облысында өткен Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық байқауда үшінші орын иеленді.

«Ұрпағым, саған айтам…» атты байқау көрнекті қазақ ақыны, Мемлекеттік гимннің авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдық мерейтойына арналды. Қарағанды облысының намысын бұл сайыста облыстық және республикалық деңгейдегі шығармашылық байқаулардың лауреаты Владислав Горизанов қорғады.

Қатысушының айтуынша, қазақ тіліндегі көлемді мәтіндерді жаттау оған қиынға соқпаған. Бұған оның елордадағы Жамбыл Жабаев атындағы мектепте алған білімі үлкен сеп болған. Владислав сол жерде мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, қазақ әдебиеті мен тарихына деген қызығушылығын арттырған.

Мектепті тәмамдағаннан кейін ол жоғары білім алып, Қарағанды қаласына қоныс аударады. Қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілігін сақтап, түрлі мәнерлеп оқу байқауларына белсенді қатысып келеді. Көптеген жарыстарда жүлделі орын алған Владислав үшін «Ұрпағым, саған айтам…» байқауы да кезекті маңызды белеске айналды.

– Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары терең мағыналы, философиялық ойға толы. Оларды көркем жеткізу үшін тек жаттау жеткіліксіз, ақынның ойын түсініп, ішкі сезімін сезіну қажет, – дейді Владислав Горизанов. – Жұмыс кестем тығыз болғандықтан, шығармаларды түнде оқып, айна алдында жаттықтым. Бастапқыда біз поэзия мен прозаны бөлек оқуымыз керек еді, бірақ қазылар алқасы екі кезеңді біріктірді. Кез келген сәтте тоқтатып, басқа үзіндіні жалғастыруды сұрауы мүмкін болды. Мұндай жағдайда тез бейімделу керек, бірақ мен бұл сынақтан да сүрінбедім.

Байқау барысында қатысушылар ақынның поэзиялық және прозалық туындыларын жатқа оқып, олардың мазмұнын терең түсініп жеткізуі тиіс болды. Владиславтың орындауындағы көркем сөз тыңдармандар мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Владислав Горизанов алдағы уақытта да шығармашылық бағыттағы ізденістерін жалғастырып, республикалық және халықаралық деңгейдегі әдеби байқауларға қатысуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, қазақ тілі мен әдебиетін меңгеру — тек тілдік қабілет емес, рухани байлық пен ұлттық мәдениетті түсінудің жолы.