Шет ауданының Ақжал кентінде заманауи көпфункционалды гүлзардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа демалыс аймағында автотұрақ, балалар ойын алаңы, workout-аймақ және шағын футбол алаңы салынды.
Гүлзардың басты нысаны – әйгілі Эйфель мұнарасының шағын үлгісі. Бұл – Қазақстандағы осындай төртінші сәулеттік инсталляция.
Бұған дейін Эйфель мұнарасының көшірмелері Астана мен Алматы қалаларында және Қостанай облысының Аманкелді ауылында орнатылған болатын.
Бүгінде жаңа гүлзар ауыл тұрғындарының серуендеп, спортпен шұғылданып, отбасымен демалатын сүйікті орнына айналды.
– Ауылымызда осындай әдемі әрі жайлы демалыс орнының пайда болғанына өте қуаныштымыз. Енді отбасымызбен келіп, таза ауада серуендеп, жақсы уақыт өткізуге мүмкіндік бар. Туған ауылымыздың күн сайын көркейіп, жаңарып келе жатқаны қуантады. Гүлзардың құрылысына үлес қосқан аудан басшылығына және барлық атсалысқан азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді Ақжал тұрғыны Тұрбек Сартаев.
Гүлзарды абаттандыру жобасы ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Фото: Ақжал кенті әкімдігі