Қарағандыдағы румын мәдени орталығы – «Дакия» қоғамы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтпек. Айтулы күнге орай мәдени шара – Toamna de Aur («Алтын күз») фестивалі ұйымдастырылады. Ол алдағы сенбі, 18 қазан күні Шахтерлер даңғылы, 64 мекенжайында орналасқан Достық үйінде өтеді. Басталуы – сағат 14:00. Кіру тегін.
Фестиваль қонақтарын кіреберістен-ақ румын халқының тұрмысы және дәстүрімен таныстыратын ерекше атмосфера күтіп тұрады – мұнда импровизацияланған румын ауылы ұйымдастырылады.
Көптеген әуендер мен әндер шырқалады. Сонымен қатар, «Дакия» қоғамының мәдени және шығармашылық жобаларына арналған афишалар фотокөрме түрінде ұсынылады.
Концерттік бағдарламада би ансамбльдері мен жеке орындаушылар өнер көрсетеді. Арнайы қонақ – танымал қазақстандық әнші, шоу-мен, «Қазақстан дауысы» және «X-Factor» жобаларының қатысушысы Константин Луца.
Айта кету керек, Қарағандының бауырлас қалаларының қатарында Румынияның Клуж-Напока қаласы да бар.
Қарағандыдағы «Дакия» румын қоғамы 2005 жылдың сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Ұлттық мәдени орталық өз атауын румын халқының ежелгі бабалары – дактар құрметіне алған. Қоғамның басты мақсаты – румын мәдениеті мен тілін жаңғырту және дамыту, жас ұрпақты ұлттық дәстүрге баулу, халықтар арасындағы достықты нығайту болып табылады.