Қазақстанның 33 білім ордасында 2026–2027 оқу жылында пайдалануға арналған жаңа оқулықтардың апробациясы өтіп жатыр. Қарағанды облысында бұл жұмыс бес мектептің базасында жүргізілуде.
Жаңа оқу құралдары Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназиясына, Шахтинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына, Үштөбе тірек мектебіне, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы №59 жалпы білім беретін мектеп пен Сламия Саттаров атындағы мектеп-лицейіне жеткізілді.
Жаңартылған оқулықтар 4-сынып пен 7–10-сыныптарға арналған.
– 2025 жылғы 29 қыркүйек пен 30 қазан аралығында пилоттық мектептерде жаңа буын оқулықтарының сынағы өтуде. 4-сыныптар үшін қазақ және орыс тілдерінде оқытатын мектептерге арналған «Қазақ тілі», орыс тілінде оқытатын мектептерге арналған «Русский язык», сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде «Математика», «Дүниетану», «Көркем әдебиет оқу» пәндерінің оқулықтары апробациядан өтуде.
7-сыныпта – «Дүниежүзі тарихы»; 8-сыныпта – қазақ тілінде оқытатын мектептерге арналған «Қазақ тілі», сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде «Алгебра», «Химия», «Биология», «География» пәндері, қазақ тілінде «Физика» пәні; 9-сыныпта – «Дүниежүзі тарихы», «Құқық негіздері»; ал 10-сыныпта – «Құқық негіздері» пәндері апробациядан өтуде, – деп мәлімдеді Қарағанды облысының білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жаңа оқулықтарды сынақтан өткізу бес кезеңнен тұрады: ғылыми-педагогикалық сараптама, материалдарды жетілдіру, пилоттық мектептерде тестілеу, қоғамдық талқылау және пәндік комиссияның жұмысы.
Қазіргі таңда жаңа оқулықтардың сапасына қатысты қоғамдық талқылау жүргізілуде. Бағалау барысында мұғалімдердің, пилоттық мектептердің оқушылары мен олардың ата-аналарының пікірлері ескеріледі.
Сонымен қатар, талқылауға кез келген азамат қатыса алады. Өз ойын білдіру үшін арнайы онлайн-платформа talqylau.bmso.kz сайтында пікір қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.