
Қарағандыда медицина саласындағы жаңа бағыттар мен технологиялар – роботтандырылған операциялар, 3D-жоспарлау және жасанды интеллектті қолдану тәжірибесі талқыланды. Халықаралық конференцияға травматология, ортопедия және реабилитация саласының жетекші мамандары мен ғалымдары бірнеше елден жиналды. Іс-шара профессор Хафиз Макажановтың 110 жылдығына және Қарағанды медицина университетінің 75 жылдық мерейтойына арналды.
Конференция қатысушыларын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков құттықтап, өңір үшін мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.

– Осындай ауқымды әрі беделді басқосудың біздің облыста өтуі – үлкен мәртебе. Бұл травматология саласының дамуына тың серпін береді. Дәрігерлерге тәжірибе алмасып, әлемнің жетекші мамандарымен өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік туып отыр, – деді ол.
Қарағанды травматология мектебі елімізде өз деңгейі мен кәсіби әлеуеті бойынша ең беделділердің бірі саналады. Жергілікті дәрігерлердің тәжірибесі де зор.
– Инновациялық технологиялар бүгінде тек астанада ғана емес, еліміздің өзге ірі қалаларында да сәтті енгізілуде. Қарағанды соның жарқын мысалы. Мұнда қуатты медициналық орталықтар шоғырланған, жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Жасанды интеллект элементтері бар роботтандырылған жүйелер ең күрделі операциялар кезінде қателік қаупін азайтып, дәлдікті арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, буын эндопротездеу кезінде бұл технологиялар жоғары нәтиже береді, – деді Н.Д. Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов.
Қазақстанда алғаш рет конференция аясында омыртқа мен жамбас сүйектеріне жасалатын хирургиялық араласулар бойынша кадаверлік курс өткізілді. Дәрігерлер Еуропа мен АҚШ-тың жетекші клиникаларында қолданылатын әдістерге сүйене отырып, анатомиялық материалда тәжірибелік дағдыларын жетілдірді.
Профессор Макажанов атындағы аурухананың директоры Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, мұндай конференциялар мамандардың тікелей кәсіби қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік беріп, жаңа идеялар мен жобалардың туындауына жол ашады.
– Ең бастысы – мұндай кездесулер тек теориялық емес, тәжірибелік тұрғыдан да пайдалы. Қатысушылар нақты шешімдер ұсынды, жаңа серіктестік байланыстар орнады, – деді ол.

Жиында тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеудің заманауи тәсілдері талқыланып, тәжірибе алмасу өтті. Сондай-ақ жарақат пен операциядан кейінгі оңалту кезеңінде мейіргерлік күтімнің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Конференция аясында медициналық технологиялардың арнайы көрмесі ұйымдастырылды. Онда роботтандырылған кешендер, эндоскопиялық жүйелер және жасанды интеллектке негізделген шешімдер ұсынылды.

