Қарағандылық синхроншылар Азия чемпионатында жарқын жеңіске жетті

Қарағандылық синхроншылар Азия чемпионатында жарқын жеңіске жетті

Қарағанды облысының спортшылары су спорты түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында айрықша табысқа қол жеткізді. Құрлықтық дода Үндістанның Ахмадабад қаласында өтуде. Чемпионат бағдарламасына төрт спорт түрі енгізілген: жүзу, суға секіру, су добы және әртістік (синхронды) жүзу.

Қарағанды облысының Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері әртістік жүзу сайысында сенсациялық нәтиже көрсетті. Спортшылар қоржынына жалпы 28 медаль түсті, оның 19-ы алтын, 4-і күміс, 5-і қола.

Бұл жетістік қарағандылық спортшылардың жоғары дайындық деңгейін, кәсіби шеберлігін және өңірдегі су спорты мектебінің Азия кеңістігіндегі беделін айқын дәлелдеді.

Жүлдегерлер қатарында – Наргиз Болатова, Ксения Макарова, Виктор Друзин, Карина Магрупова, Ясмин Туякова, Арина Пушкина және Даяна Джаманчалова бар. Қарағандылық синхроншылар жеке және топтық бағдарламаларда, сондай-ақ дуэт және микс-дуэт санаттарында үздік өнер көрсетті.

Бұл жарқын жеңіс – спортшылардың еңбегі мен табандылығының, бапкерлердің кәсіби дайындығының және Қарағанды облысының спорт саласына жүйелі қолдауының нәтижесі.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша