Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде жуырда ашылған әлеуметтік павильон аз уақыт ішінде тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Мұнда жергілікті фермерлер ұсынған балғын ет үстеме бағасыз әрі делдалсыз сатылады.
Шет ауданынан күн сайын жарты тоннадан 700 келіге дейін ет жеткізіледі. Кешке қарай барлық өнім сатылып кетеді.
Сөрелерде ет пен сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, түрлі бакалея түрлері бар.
Сатып алушылардың айтуынша, мұндағы өнімнің сапасы жоғары, ал бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен.
– Үйім осы маңда. Мұндай әлеуметтік павильонның ашылғаны өте ыңғайлы болды. Ашылған күннен бері отбасымызбен осында келіп аламыз. Өнім сапасы да, бағасы да көңілден шығады. Жақында ет сатып алғанбыз, бүгін қант алуға келдік, – дейді қала тұрғыны Виктор Лазгиев.
Бұл бастама бағаның өсуін тежеуге және жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Фермерлердің айтуынша, делдалсыз сату жүйесі олардың шаруашылығын дамытуға жаңа серпін берген. Өнім өткізу нарығының қалыптасуы мал басын көбейтуге және техниканы жаңартуға жол ашады.
Әлеуметтік павильонның меңгерушісі Болат Тәкішевтің мәліметінше, жаңа сойылған сиыр мен жылқы еті таңертең күн сайын жеткізіледі. Тәулігіне шамамен 700 келі ет саудаланады, алдағы уақытта көлем артпақ.
– Бұл павильон облыс әкімінің тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, ет және сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында салынды. Біз Шет ауданы әкімдігімен келісімге келдік. Олар өз кезегінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келіссөздер жүргізді. Қазір мұнда бірнеше фермер өз өнімін тікелей саудалап отыр. Біз олар үшін барлық жағдайды жасадық: жалдау ақысы алынбайды, коммуналдық төлемдер де төленбейді, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев.
Осындай әлеуметтік павильондар жақын уақытта Майқұдық тұрғындары үшін де ашылады – 14-шағынауданда және Бирюзов көшесінде. Болашақта қалада тағы бірнеше осындай нысанды іске қосу жоспарланып отыр.
Бағаны тұрақтандыру ісіне тұрақтандыру қоры да үлес қосып отыр. Қазіргі уақытта оның қоймаларында шамамен 390 тонна азық-түлік қоры бар: күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы және қант. Жақын арада қор қосымша өніммен толықтырылады.
– Қазір жолда 129 мың литр май келе жатыр. Сонымен қатар 203 тонна қанттың қосымша партиясы жеткізу сатысында. Қарақұмық пен күріш сатып алу бойынша конкурс жарияланды. Барлық өнім – отандық өндірістен: қант – Тараздан, өсімдік майы – Шығыс Қазақстаннан, қарақұмық жармасы – Павлодар мен Қостанай облыстарынан жеткізіледі, – деді «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қоры басқармасының директоры Елтай Ыбраев.
Әлеуметтік баға бойынша супермаркеттер мен әлеуметтік павильондарға нан мен тауық жұмыртқасы да жеткізілуде.
Қажет болған жағдайда тұрақтандыру қоры арзандатылған бағамен тауарлық интервенция жүргізуге дайын.
Сондай-ақ қор маусымаралық кезеңде бағаның күрт өсуін болдырмау үшін картоп пен көкөніс қорын қалыптастырып жатыр. Өңірдің ірі шаруашылықтарымен 19 мың тонна өнімге форвардтық келісімшарттар жасалған. Фермерлер өнімді өз қоймаларында сақтап, сұраныс түскен жағдайда бірден тікелей жеткізуге әзір.