Қарағанды облысының ұстаздары кәсіби мерекелерінде құрметке бөленді

Қарағанды облысының ұстаздары кәсіби мерекелерінде құрметке бөленді

Қарағанды облысында 24 мыңнан астам педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп келеді. Кәсіби мереке қарсаңында ұстаздарға арналған салтанатты шара Кеншілер мәдениет сарайында өтті.

Оған өңірдің үздік педагогтары, білім беру ұйымдарының өкілдері, ардагер ұстаздар қатысты. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан мұғалімдерге марапаттар табысталды. Биыл алғаш рет ғасырлық тарихы бар білім ошақтары мен үздік олимпиадалық мектептер де аталып өтті. Дәстүр бойынша ұстаздарға аймақтың ең жоғары марапаттарының бірі – «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісі берілді. Бұл марапат ұстаз еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болып қана қоймай, қаржылай сыйақымен де сүйемелденеді.

– Құрметті ұстаздар, барлық реформаның жетістігі сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ғана ерекше мәнге ие болып отыр! Елдің болашағы білім сапасына байланысты, ал ол өз кезегінде сіздердің еңбектеріңіз бен іске адалдықтарыңызға тәуелді. Мемлекет басшысы атап өткендей, педагог – тек білімнің ғана емес, тәрбиенің де қайнар көзі. Сіздер – бүкіл білім беру жүйесінің жүрегісіздер. Біз өз тарапымыздан сіздер үшін қолайлы әрі жайлы жағдай жасауға ұмтылып келеміз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі жанқиярлық пен күнделікті еңбектеріңіз үшін әрқайсыңызға алғысымды білдіремін! – деп облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мұғалімдерді құттықтады.

Өңірдегі білім беру саласы жыл санап дамып келеді. Қалаларда да, ауылдық жерлерде де жаңа мектептер, балабақшалар, Оқушылар сарайлары бой көтеруде. Инклюзивті білім беруді дамытуға, дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ жас мамандарды тарту, олардың кәсіби бейімделуі мен мансаптық өсуіне жағдай жасау – басты басымдықтардың бірі.

Мерекелік шара барысында сала қызметкерлеріне медальдар, төсбелгілер мен Құрмет грамоталары табысталды.

Биыл үш ауылдық мектеп 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Олар – Бұқар жырау ауданындағы Ростовка ауылының мектебі, Қарқаралы ауданындағы Қарағаш және Қызылту ауылдарының білім ордалары. Сондай-ақ Саран қаласындағы Абай атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледжге де бір ғасыр толды. Мерейтой иелеріне 15 миллион теңгелік сертификаттар табыс етілді.

Шет ауданындағы Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицей «Үздік ауыл мектебі» деп танылды.

– Бұл – бүкіл ұжымымыздың еңбегіне берілген баға. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша оқушыларымыздың республикалық деңгейдегі жетістіктері ескеріліп, біз Қазақстандағы ең үздік ауыл мектебі деп танылдық. Қазіргі таңда бізде 1165 бала білім алады. 135 мұғалім еңбек етуде: олардың қатарында педагог-зерттеушілер мен сарапшылар, модераторлар және жас мамандар бар, – дейді білім ошағының директоры Гүлдария Түсіпова.

Ал «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісіне ие болғандардың қатарында:

Рая Елеусізова – облыстық білім басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі;

Биғайша Манкенова – білім беру саласының ардагері;

Надежда Хван – республикадағы алғашқы «Сынып жетекшілер институтының» негізін қалаушы;

Ержан Смойлов – Қарағанды тау-кен индустриялық колледжінің өндірістік оқыту шебері;

Ирина Киселева – Қарағанды облысындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Әрқайсысының еңбегі мен тәжірибесі айрықша. Мысалы, Ержан Смойлов жұмысшы мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеген. Ол биыл облыстық байқауда «Үздік өндірістік оқыту шебері» атанып қана қоймай, Данияда өткен EuroSkills халықаралық чемпионатында жүлдегер атанды.

– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне мен 1995 жылы келдім. Қазіргі уақытта WorldSkills халықаралық сарапшысымын, Қарағанды облысының бас сарапшысымын. Бұл марапат мен үшін күтпеген тосынсый болды. Тәжірибемді ескеріп, еңбегімді бағалағандарыңызға рахмет. Барлық әріптестеріме зор денсаулық, шыдамдылық және жақсы шәкірттер тілеймін. Болашақ үшін өзін арнау – оңай еңбек емес, – деді Ержан Смойлов.