Қарағанды облысында туристерге арналған qazeli.kz қосымшасы іске қосылды. Бұл цифрлық сервис қонақүйлер мен демалыс орындарын брондауды, экскурсия жетекшілері мен туристік агенттіктердің ұсыныстарын біріктіреді. Барлығы ыңғайлы әрі ашық: бір батырмамен маршрутты таңдап, баспана не экскурсияға тапсырыс беруге және өңірдегі туристік нысандар туралы шынайы ақпарат алуға болады.
Жаңа жобаны аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында таныстырды.
IT-жобаның бастамашылары бірнеше жыл бұрын облыс әкімінің грантын иеленген.
– Біз Қазақстандағы туризмді бір батырмамен қолжетімді ететін платформаны құруға кірістік. Жүйе қолдануға жеңіл, бронь жасауға ыңғайлы және төлем жасауға қауіпсіз. Ең бастысы – пайдаланушылар да, турагенттер де нақты ақпарат алады. Бұл қазақстандықтардың саяхаттан ләззат алуына жағдай жасайды, – деді «R-TOUR.KZ» ЖШС директоры Рустам Бикбаев.
Оның айтуынша, қосымшаны әзірлеуде жасанды интеллект қолданылып, 50-ден астам халықаралық туристік сайт сарапталған. Бұл отбасылық сапарларға ең тиімді шешімдерді таңдауға мүмкіндік берген.
– Көпшілігі бронь жасау кезінде балалардың тұру ақысы дұрыс есептелмеу секілді мәселеге тап болады. Біз үш жас санатын енгізіп, бағаны төмендетуге және нөмірлердің нақты жүктемесін ескеруге жағдай жасадық. Мұндай тәсіл пайдаланушылар үшін тиімді әрі «2+2» жаңа сегментін ашады, мұнда балалар үшін қайта есеп жүргізіледі, – деп түсіндірді Рустам Бикбаев.
Қызмет арқылы Балқаш пен Қарқаралы сияқты өңірдің бірегей туристік бағыттары мен кластерлері ілгерілетілмек.
– Туризмді цифрландыру – бұл енді тренд емес, қажеттілік. Облыста WhatsApp платформасында жасанды интеллект негізіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін виртуалды чат-бот іске қосылды. Ол туристерге көрікті жерлер, маршруттар, қоныстану, тамақтану және қауіпсіздік ережелері туралы жедел ақпарат алуға көмектеседі. Бүгінгі міндет – адамдарға қызмет ететін цифрлық туризм экожүйесін құру. Бұл процесте мемлекет, бизнес, ІТ-сектор және, әрине, саяхатшылардың үйлесімді жұмысы маңызды, – деп атап өтті облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.
Ол сондай-ақ Қазақстанда ұлттық цифрлық шешімдер енгізілгенін еске салды: Kazakhstan.travel порталы сегіз тілде жұмыс істейді, ал eQonaq платформасы қонақтарды тіркеуді жеңілдетіп, туристік ағынды барынша ашық етеді.