Қарағандылықтарды еркін суретшілердің көрмесіне шақырады

Қарағандылықтарды еркін суретшілердің көрмесіне шақырады

Осы сенбі, 4 қазан күні, «Алтын Ғасыр» галереясында (Комиссаров көшесі, 35а) ерекше көрме өтеді. Көрермен назарына нәзік гүл композициялары мен шырынды жемістер бейнеленген натюрморттар ұсынылмақ.

Шығармалардың авторлары – еркін қылқалам шеберлері Дана Бүркітбаева мен Наталья Тимохина.
Екі суретші де белгілі қылқалам иесі Дмитрий Кецманның жетекшілігімен кәсіби машықтарын жетілдіруде.
– Дана менімен бес жылдан бері айналысып келеді. Бұл – оның алғашқы көрмесі емес. Бұған дейін еңбектері Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында көрерменге жол тартқан. Сонымен қатар ол «Арт-старт», «Суретшілер халыққа» жобаларына, Алматыдағы Art group фестиваліне қатысты. Оның жұмыстары Англия, Италия және Испаниядағы байқауларға да жіберілді, – дейді суретшілердің ұстазы Дмитрий Кецман.
Осы жолғы көрмеге Дана Бүркітбаева арнайы «гүлдер сериясын» әзірлеген. Майлы бояумен кенепке түскен әр туынды жаздың соңғы лебін бейнелегендей.
Наталья Тимохина сурет салумен төрт жылдан бері айналысады. Ол көрмеде натюрморттар топтамасын ұсынбақ. Оның бір бөлігі мүсіндік кескіндеме техникасында орындалса, енді бір бөлігі майлы бояумен жазылған.
– Натальяның шығармашылық әлеуеті зор. Әсіресе кескіндеме жанрында өзін айрықша көрсете білді. Түрлі техникада еркін жұмыс істей алуы – оның басты артықшылығы, – дейді ұстазы.
Экспозицияға барлығы 35-тен астам картина енгізілген.
Көрменің ашылуы 4 қазан күні сағат 16:00-де өтеді. Кіру тегін.