Қарағанды облысында төрт мыңнан астам мектеп оқушысы батырлық жырларды мәнерлеп оқу мен терең білуде бақ сынайды. Өңірде «Тұлпар мініп, ту алған!» атты ірі поэтикалық байқау бастау алды. Жарысқа 324 мектептен өтінім түсті. Жеңімпаздар оқу гранты мен автокөлікке дейінгі қомақты жүлделерге ие болады.
Байқауға қатысушылар тек «Бөгенбай батыр» жырын мәнерлеп оқумен шектелмейді. Олар сирек кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіріп, географиялық атауларды нақтылап, мектеп бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Шара Amanat партиясының қолдауымен өтеді. Оның басты мақсаты – жас буынды қазақ халқының рухани қазынасымен таныстыру, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және ана тіліне деген сүйіспеншілігін тереңдету.
Байқау екі кезеңнен тұрады: алдымен 6–10 сынып оқушылары арасында аудандық және қалалық іріктеу турлары өтсе, соңғы шешуші кезең – облыстық финал Қарағандыда ұйымдастырылады.
Жүлде қоры да салмақты. Аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 70 мыңнан 150 мың теңгеге дейін қаржылай сыйақы алады. Ал облыстық финалда бас жүлде – 1 миллион теңге мен Қарағанды экономикалық университетінде оқу гранты. Екінші орын иегеріне 500 мың теңге, үшінші орын иегеріне 250 мың теңге тағайындалған.
Байқауға шәкірт дайындаған ұстаздар да марапатсыз қалмайды. Олар қаржылай сыйлықтардан бөлек, демеушілердің қолдауымен автокөлікке ие болады.
Алғашқы кезеңдер 20 қарашада басталмақ. Шешуші финал желтоқсан айында өтеді.
Байқау ережелерімен https://qazaqepos.com/ сайтынан танысуға болады.
Байланыс нөмірі: 8-778-283-16-01 (WhatsApp), (8-7172) 24-95-45, e-mail: qazaqepos2025@mail.ru