К. С. Станиславский атындағы театр Абай туралы спектакльдің премьерасын ұсынады

К. С. Станиславский атындағы театр Абай туралы спектакльдің премьерасын ұсынады

К. С. Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры бүгін, 10 қазанда "Знай, потомок, дорогу я для тебя стлал" спектаклінің премьерасын ұсынады. Көрермендер Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған қойылымды тамашалайды. Өнер сүйер қауым дайындығы өткен маусымда басталған спектакльді тамашалап, бағасын бере алады. Карантинге байланысты қойылымды сахналау сәл кешіктірілді.
Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романының желісі бойынша жазылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабековтың пьесасы негізге алынды. Қоюшы режиссері - театр басшысы Дунай Еспаев.
Бұл пьеса осыдан 25 жыл бұрын С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында "Аласапыран заман" деген атаумен алғаш рет жарық көрген. Дунай Еспаев бұл спектакльде Әбдірахманды (Абайдың екінші ұлы) сомдап, "үздік ер адам рөлі" номинациясы бойынша сыйлыққа ие болды.
- Өзімнің қойылымым үшін бірқатар сахналық көріністер жаздым, ал оның атауы ретінде ақынның жазған өлең жолын алдым, - дейді Дунай Еспаев. - Абайдың ұлдарымен қарым-қатынасы, жеке трагедиясы осы адамның жеке басы мен шығармашылығын түсіну үшін маңызды. Олар сюжеттің ортасында. Абайдың тұлғасы сан қырлы. Қойылымда ол әр түрлі жағынан көрсетілген: әке, күйеу, философ, бүлікші. Оның қара сөздері қоғамның бүгінгі проблемаларын да көрсетеді деп санаймын.
Абайдың рөлі театр актері Денис Цветковқа бұйырды. Ұлдарын Павел Кондратьев (Әбдірахман) және Антон Звонов (Мағауия) ойнады.
- Рөлге дайындалу барысында мен "Абай жолын" бірнеше рет оқыдым. Мұхтар Әуезов қазақ тұрмысын, дәстүрін, сол кездегі ең ұлы ақынның жағдайын өте жақсы суреттейді. Мен кейіпкеріме қатысты барлық маңызды ойларды таптым. Әбдірахман бейнесін құру үшін бүгінгі өмірден, жеке тәжірибеден көп нәрсе алынды. Қойылым маған Абайды, оның қайғысы мен қасіретін жақсы түсінуге, ондағы қарапайым адамды көруге көмектесті, - деп бөлісті Павел Кондратьев.
Спектакльде Оксана Игнатенко, Нина Круцевич, Азиза Зейнешева, Артем Жангиров, Богдан Пынка, Андрей Марычев, Алексей Браилко, Александр Полевода, Иван Немцев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Василий Злобин, Александр Тисен, Константин Снегирёв, Владимир Левтеров, Руслан Маевский, Дина Семененко, Татьяна Яковлева және басқалар өнер көрсетеді.
Елена Кимнің ықшам және метафораға толы декорациялары көрермендерді 120 бұрын болған кезеңге шомуға септігін тигізеді.
"Знай, потомок, дорогу я для тебя стлал" атты екі актідегі халық драмасының премьерасына театр сүйер қауым 10, 11 және 25 қазанда шақырылады. Басталуы: 17.00.
Театр санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтау қажеттілігін еске салады. Залдағы көрермендер саны шектеулі - 50 адамға дейін. Кіру - қатаң бетпердемен.