Қарағанды облысында геологиялық барлаудың ауқымды бағдарламасы басталады

Қарағанды облысында геологиялық барлаудың ауқымды бағдарламасы басталады

Қарағанды облысында геологиялық барлау көлемі артады. Өңірде мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 100 мың шаршы метрден астам алаңда Өңірлік зерттеулер көзделген. Бұл моноқалалардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің, ірі тау-кен компаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Өңір аумағында 345 жер қойнауын пайдалану объектілері жұмыс істейді. Облыс минералдық-шикізат базасын дамыту бойынша үлкен әлеуетке ие, деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

- Мұнда ірі тау-кен кәсіпорындары орналасқан. Соңғы 10 жылда біз өңірдің жер қойнауын пайдалану инвестициясының үш есе өскенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда қол жетімді жер үсті кен орындарының қоры іс жүзінде таусылды, сондықтан жаңа озық технологияларды енгізуді ескере отырып, геологиялық зерттеулердің тереңдігін арттыру қажет. Ал геологиялық барлауды қазірдің өзінде жандандыру қажет, - деді министр.

Ол сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысының мемлекеттік балансында 51 мыс кен орны, 56 алтын кен орны, 32 қорғасын кен орны, 28 мырыш кен орны, 36 марганец кен орны және 26 темір кен орны бар. Мұнда тас және қоңыр көмірдің айтарлықтай қоры шоғырланған - 11,2 млрд тонна. Бұл ретте Қарағанды көмір бассейні республиканың металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары үшін кокстелетін көмірдің негізгі жеткізушісі болып табылады.

- Мемлекет басшысы геологиялық барлаудың тұрақты дамуын және ел бойынша минералдық-шикізат базасының толықтырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін геологиялық барлаудың бес жылдық кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады. Бағдарлама Қазақстанның табиғи байлығын геологиялық зерттеу саласында қойылған барлық міндеттерді орындау үшін маңызды құжатқа айналады, - деді министр. 

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев хабарлағандай, соңғы 10 жылда өңір кәсіпорындарымен геологиялық барлау жүргізуге бар-жоғы 47 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталды. Облыс бойынша осы кезеңде алғаш рет мемлекеттік балансқа 12 кен орны қойылды, оның бесеуі - мыс, төртеуі - алтын, біреуі - полиметалл, сондай-ақ кешенді алтын-мыс кен орны және алтын-полиметалл.

Орталық Қазақстанды зерттеуге қаражат мемлекеттік бюджеттен де бөлінеді. Оның ішінде Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде 17 объектідегі жұмыстар қаржыландырылды.

2020 жылы аймақтағы 10 учаскеде іздеу жұмыстары жүргізілуде.

- Жалпы, тау-кен саласы қарқынды дамуда, жыл сайын өндіру көлемі өсуде. Бірлескен жұмыс жаңа инвестициялар тарту және тау-кен өндіру мен өңдеу секторын одан әрі дамыту үшін база құруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. - Қазіргі уақытта Орталық Қазақстан геологтарының алдында облыстың минералдық-шикізат базасын кеңейтудің маңызды міндеті тұр. Барлығымызға белгілі, барланған кен қорлары біртіндеп пысықталуда және болашақта кен орындарының өмірін тағы 40-50 жылға ұзарту және моноқалалардың жанында жаңа кен орындарын ашу үшін қосымша кен қорларын анықтау қажет.

Кеңеске қатысушылар облыста жаңа геологиялық ашылулар үшін айтарлықтай әлеует бар деген ортақ пікірге келді.