Қарағандылық Ерлан Тасмағамбетов батуттық гимнастикадан Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды. Жарыс Болгарияның Варна қаласында өтті.
Ұлттық құраманың сапында барлығы үш қарағандылық спортшы бақ сынады – дуэт құрамында Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков, сондай-ақ Ерлан Тасмағамбетов болды.
Ол павлодарлық Виктория Бутолинамен жұптасып өнер көрсетті. Нәтижесінде Тасмағамбетов пен Бутолина үшінші орынға ие болды.
– Бұл жолы Мұсабаев пен Тумаковқа сәл ғана сәттілік жетіспеді, жүлдесіз оралды. Бірақ жуырда ғана Германияда өткен Әлем кубогы кезеңінде олар алтын медаль алған болатын. Мұндай жеңістер жас спортшыларды жігерлендіреді, жаңа биіктерді бағындыруға жол ашады. Біздің межеміз бұрыннан биік: ірі әрі беделді жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегерлері мен чемпиондары атандық. Қазақстан батуттық гимнастикада әлемдік деңгейде танылған және мойындалған. Ерлан Тасмағамбетовтың бұл жолғы қола медалі – соның тағы бір дәлелі, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Вертянкин.
Жыл соңына дейін қарағандылық спортшыларды қарқынды кезең күтіп тұр. Қазір батутшылар 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатқан ТМД ойындарында ел намысын қорғауда. Ал одан кейін Ерлан Тасмағамбетов, Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков Испанияға аттанып, Әлем чемпионатына қатысады.
– Әрине, біз медаль жеңеміз деген жігермен барамыз және жеңіске сенеміз. Біздің спортшыларда барлық мүмкіндік бар: сәтті комбинациялар, мықты дайындық, жақсы физикалық қалып. Сондықтан біз оларға жанкүйер боламыз! – дейді бапкер.