Қарағанды облысында жолаушылар тасымалы саласы кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. №3 автопарк Саран қаласындағы QazTehna зауытында құрастырылған Yutong маркалы 75 жаңа автобусты сатып алып, оларды қалаішілік және қала маңындағы бағыттарға шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа көлік құралдары облыстағы қоғамдық көліктің сапасын арттырып, тасымалдау мүмкіндігін едәуір кеңейтпек.
Жаңа автобустардың сыйымдылығы үлкен – ұзындығы 12 метр.
Әрбір көлік заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген: кондиционер, жылыту жүйесі, ұялы телефонға арналған қуаттау құрылғылары мен қоқыс жәшіктері орнатылған. Жолаушылардың қолайлылығы үшін аялдамалар көрсетілетін электронды таблолар бар.
Сондай-ақ салонда бейнебақылау камералары қойылып, жүргізуші кабинасына арнайы автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілген. Ол жүргізушінің жұмыс барысын қадағалап, телефон пайдалану, темекі шегу немесе жолда қашықтық сақтамау секілді тәртіп бұзушылықтарды тіркейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік те басты назарда. Автобустар пандустармен, балалар мен мүгедектер арбасына арналған алаңдармен жабдықталған. Сонымен қатар қарт адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жиналмалы орындықтар қарастырылған.
– 2022 жылы біз Қытайда өндірілген Yutong маркалы 50 автобус сатып алдық. 2023 жылы Сарандағы QazTehna зауытында шығарылған отандық өндірістің 100 автобусы пайдалануға берілді. Биыл көктемде Шахтинск қаласына Ресейде жасалған 10 автобус алдық. Ал енді Қарағанды мен серіктес қалаларда – қалаішілік және қала маңындағы бағыттарда қызмет көрсететін Саранда шығарылған 75 автобусты толықтырдық, – деп атап өтті №3 автопарктің директоры Артур Григорян.
Қазіргі уақытта 55 жаңа автобус жолға шығуға дайындалуда: ONAY төлем терминалдары орнатылып, жолаушылардың ыңғайына арналған QR-кодтар орналастырылуда. Жақын күндері тағы 20 автобус жеткізілуі тиіс.