Қарағандыда фермерлік өнімге қолжетімділікті арттыратын әлеуметтік павильон ашылды

Қарағандыда фермерлік өнімге қолжетімділікті арттыратын әлеуметтік павильон ашылды

Қарағандыда Шет ауданының ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін тікелей саудалайтын жаңа әлеуметтік павильон жұмысын бастады. Делдалдардың қатысуынсыз ұйымдастырылған сауданың арқасында тұрғындар ет, сүт өнімдері, көкөніс пен бакалеяны базар бағасынан төмен құнмен сатып ала алады.

Ашылған алғашқы екі күнде ғана павильон арқылы 3 тонна сиыр еті, 1,45 тонна қой еті, 400 келі картоп және 5550 дана жұмыртқа сатылды

Жаңа нысан облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ашылды. Мақсат – қала тұрғындарын қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамту, ал ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тұрақты өткізу нарығын құру.

Бұл мақсатта қала әкімдігі арнайы жер бөліп, павильон салып, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартып, фермерлердің саудасына арналған жабдық орнатты.

– Біздің басты міндетіміз – фермерлердің өздерін ыңғайлы сезінуіне жағдай жасау. Олар тек өнімін әкеліп, сатумен айналысуы тиіс. Ал тұрғындар жаңа әрі сапалы тауарды өндірушіден тікелей, қосымша үстемесіз ала алады, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев.

Әлеуметтік павильон Сатыбалдин көшесі, 11/1 мекенжайында орналасқан. Ол күн сайын таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. 

Сауда қатарында сиыр, қой, құс еті, қымыз, ірімшік, май, құрт, қаймақ, сондай-ақ картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат бар.

Қосымша «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қант, ұн, нан, күнбағыс майы, қарақұмық және макарон өнімдері жеткізілуде.

– Әлеуметтік павильонның ашылуы – Шет ауданы фермерлері үшін де, қала тұрғындары үшін де маңызды оқиға. Өндірушілер өнімін тікелей өткізсе, тұрғындар қолжетімді бағадағы жергілікті тауарды алады. Бұл – ауыл шаруашылығын қолдауға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жасалған нақты қадам, – деп атап өтті Шет ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ердос Әбішев.

Қазіргі таңда өнімді бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір ауыл шаруашылығы кооперативі және алты шаруа қожалығы жеткізуде. Барлығы 20 шаруа қожалықтары мал шаруашылығы, егіншілік және қайта өңдеу бағытында өз өнімін ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. 

Жақын арада Майқұдықта (14-ықшамауданда және Бирюзов көшесінде) тағы екі әлеуметтік павильон ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, өңірде фермерлерді қолдаудың және тұрғындарды арзан әрі сапалы өніммен қамтудың тағы бір тиімді тетігі – жәрмеңкелер.

Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Берік Тоқмұрзиннің айтуынша, өткен сенбіде ұйымдастырылған облыстық «Ауыл береке» жәрмеңкесінде жеті ауданнан келген 90-нан астам өндіруші 150 тоннадан астам өнімді – ет, көкөніс, картоп, сүт өнімдері, балық пен жұмыртқаны базар бағасынан 10–15 пайызға төмен бағада ұсынған.

– Мұндай жәрмеңкелер фермер мен тұтынушыны тікелей байланыстырады. Өндірушілер тұрақты өткізу нарығына ие болса, тұрғындар жаңа әрі қолжетімді тауарға қол жеткізеді, – деді ол.

Жыл басынан бері облыста 465 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 7,2 мың тонна өнім өткерілді.

Сонымен бірге тұрақтандыру қоры жасақталуда. Қазіргі уақытта «Сарыарқа» ӘКК қоймаларында 353 тонна азық-түлік – күріш, қарақұмық, күнбағыс майы мен қант сақтаулы. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтарымен 11 700 тонна картоп, 2680 тонна сәбіз, 1870 тонна пияз және 2795 тонна қырыққабат сатып алу жөнінде келісімшарт жасалған. Бұл көрсеткіш ұсынылған көлемнің толық орындалғанын білдіреді.