Қарағандылықтар таулы жерде велосипедпен жүру бойынша республикалық жарыста үздік үштікке енді

Қарағандылықтар таулы жерде велосипедпен жүру бойынша республикалық жарыста үздік үштікке енді

Қарқаралыда маунтинбайк деп аталатын таулы жерлердегі веложарыстан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Қарағанды облысының спортшылары жүлделі үштіктің қатарына кірді.

Жалпы жарысқа Астана, Қарағанды және Теміртаудан келген 40-тан астам спортшы қатысты. 60 жастан асқан ардагерлер санатында Англиядан келген қонақ та бақ сынады.

– Оның есімі – Саймон Коттерел. Жұбайымен бірге уақытша Астанада тұрып, жұмыс істеп жүр. Біздің жарыс туралы естіп, қатысуға шешім қабылдады әрі Қарқаралының табиғатын тамашалағысы келген екен. Өз санатында екінші орынды иеленді. Қарқаралы табиғаты өзінің бастапқы қалпында сақталғанын атап өтті, бұл оған қатты ұнады, – деді жарыстың ұйымдастырушысы Думан Бүркітұлы.

Жарыс ережесіне сай спортшылар ұзындығы 23 шақырымдық қашықтықты бағындыруы тиіс болды. Бағыт бойында төменге түсетін тік жолдар, биік өрлер мен кедергілері мол учаскелер болды. Дегенмен ұйымдастырушылар трассаны алдын ала белгілегендіктен, жолдан адасу мүмкін болмады. Жарысқа қатысушылар арнайы таулы велосипедтерде бақ сынады.

Спортшылар төрт жас санатында марапатталды: 13–17 жас, 18–39 жас, 40–59 жас және 60 жастан жоғары. Сонымен қатар барлық спортшылар арасынан абсолютті чемпиондар да анықталды.

Нәтижесінде абсолютті чемпион атағын қарағандылық Артём Мерсиянцев жеңіп алды. Екінші орынға қарқаралылық Дамир Сақбосынов шықса, үздік үштікті қарағандылық Павел Ефимов түйіндеді.

– Мен шаңғы марафоны бойынша спортшымын, көптеген жарыстардың жүлдегерімін. Сонымен қатар маунтинбайкпен де айналысамын. Еуропада көп жарыстарға қатыстым, тәжірибем мол. Қазір сол тәжірибемді туған елімде қолданудамын. Жалпы, маунтинбайк – олимпиадалық спорт түрі. Алайда бізде ол әлі кең дамымаған. Алматыда, Бурабайда және Қарқаралыда ғана жарыстар өтеді. Себебі трасса таңдауда қиындықтар бар: ол міндетті түрде таулы әрі күрделі болуы тиіс. Дегенмен, Қазақстанда мұндай мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Осы спорт түрі бізде де белсендірек дамыса деймін, – дейді Думан Бүркітұлы.

Спортшының алдағы жоспары – биылғы қыста дәстүрлі шаңғы марафонын өткізу. Ол Қарқаралыда бұл шараны бес жыл қатарынан ұйымдастырып келеді.