«Таза Қазақстан»: қарағандылық оқушылар қаланы жасыл желекке айналдырып жатыр

«Таза Қазақстан»: қарағандылық оқушылар қаланы жасыл желекке айналдырып жатыр

Қарағандыдағы мектеп оқушылары ұлттық «Таза Қазақстан» жобасы аясында өткен экологиялық акцияға белсене қатысты. Олар қала көшелеріне тікенқұмық, шие, ақ және қалың гүлді мамыргүл, сондай-ақ бөріқарақат көшеттерін екті.

Мамандардың айтуынша, таңдалған ағаш пен бұталардың түрлері Қарағандының қатал табиғи-климаттық жағдайына жақсы бейімделген.

Акцияға Қарағанды қаласындағы №3 гимназияның 6 «В» сынып оқушылары қатысты. Шараны Орталық Азияның тұрақты даму қоры – Creative Innovation Institute ұйымдастырып, қала әкімдігі қолдау көрсетті.

— Бізге бұл шараға қатысу өте ұнады. Енді Қарағандының таза әрі әдемі болуы өзімізге байланысты екенін жақсы түсіндік, — деп бөлісті әсерімен оқушылар.

Көктемде 60-тан астам көшет егілсе, қыркүйекте тағы 50 ағаш егілді. Осылайша барлығы 110 жасыл желек қаланың ажарын ашып қана қоймай, экологиялық ахуалды да жақсартуға ықпал етпек.

— Бұл — қаламыздың ертеңі, балаларымыздың бүгінгі өмірі. Біз Қарағандының жасыл, жайлы әрі ауасы таза қала болғанын қалаймыз! — деді 6 «В» сынып жетекшісі Марат Молдашев.

Экологиялық шара — Тұрақты даму қорының жүйелі жұмысының бір бөлігі. Қор экологиялық білім беруді, арнайы әдістемелерді әзірлеуді, сондай-ақ ағаш егу секілді нақты қадамдарды жүзеге асырып келеді.