Қарағанды облысында өңірдегі алғашқы Эндоскопиялық референс-орталық ашылды

Қарағанды облысында өңірдегі алғашқы Эндоскопиялық референс-орталық ашылды

Қарағандыдағы №3 көпсалалы аурухананың базасында Эндоскопиялық оқу-референс орталығы жұмысын бастады. Оның негізгі міндеті – эндоскопист-дәрігерлерді тек Қазақстаннан ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия елдерінен даярлау және біліктілігін арттыру.

Орталық заманауи Evis X1 эндоскопиялық жүйелерімен және жоғары технологиялы симуляторлармен жабдықталған. Бұл қондырғылар оқу процесін халықаралық стандарттар бойынша өткізуге және диагностикадағы озық әдістерді тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Ерекше назар сапалы колоноскопия әдістеріне және ADR (Adenoma Detection Rate – аденоманы анықтау көрсеткіші) есебін жүргізуге аударылады. Бұл көрсеткіш колоректалды қатерлі ісікті ерте анықтау мен алдын алуға тікелей әсер етеді.

Орталық мамандары арнайы дайындықтан өтті.

Аурухананың бас дәрігері Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, оқу орталығының ашылуы бүкіл еліміздің және өңірдің медицина саласы үшін аса маңызды оқиға.

– Қарағанды облысында халықтың қажеттілігін өтеп отырған заманауи эндоскопиялық орталық бар. Енді біз өз білімімізбен басқа елдер мен өңірлердің дәрігерлерімен бөлісе аламыз, – деді бас дәрігер. – Мұнда дайындалған мамандар анағұрлым дәл диагностика жасап, тиімді ем жүргізе алады. Демек, бұл Орталық Азиядағы медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Орталық 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда колоноскопиядан бөлек, гастроскопия, бронхоскопия, энтероскопия, ұйқы безі мен лимфа түйіндерінің, өкпенің эндосонографиясы жасалады. Облыстың басқа клиникаларында мұндай эндосонография жоқ.

Эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі Индира Хамитова оқу процесінің қалай өтетінін түсіндірді.

– Орталықтың оқу бағдарламаларына теориялық курстар мен тәжірибелік сабақтар кіреді. Практика заманауи технологиялар мен әдістерді пайдалана отырып, симуляторларда да, нақты клиникалық жағдайда да өткізіледі. Бұдан бөлек, біз дәрігерлерді науқасты процедураға моральдық та, физикалық та тұрғыда дайындауға үйретеміз. Бұл мамандардың біліктілігін арттырып қана қоймай, диагностика сапасын және пациентке көрсетілетін көмекті айтарлықтай жақсартады, – деді Индира Хамитова. – Дұрыс жүргізілмеген колоноскопия ауыр асқынуларға әкеліп, кейін оны хирургиялық жолмен шешуге тура келуі мүмкін.

Орталықтың ашылуы – медициналық жабдықтар саласындағы әлемдік көшбасшы Olympus компаниясымен әріптестіктің нәтижесі. 

Серіктестер Қазақстанда кәсіби білім беруді дамытуға инвестиция салу бастамасын қолдады.

Olympus OGG өкілі Томаш Ставярскийдің айтуынша, орталықты құру үшін №3 көпсалалы аурухана жоғары кәсіби мамандарымен ерекшеленгендіктен таңдалған.

– Ортақ жобаны жүзеге асыруға бастамашы болған Olympus OGG компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Әлемге танымал компания өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктес ретінде көрсетті. Оқу орталығы мамандардың біліктілігін арттыру ісінде зор әлеуетке ие, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков. – Бүгінде скринингтердің арқасында онкологиялық ауруларды ерте анықтау нәтижелеріне қол жеткізіп отырмыз.

Бұл оқу жобасы эндоскопистер үшін олардың қай құрылғыда жұмыс істейтініне қарамастан қолжетімді.

Фотосурет авторы – Александр Марченко