Қарағанды облысында күзгі ағаш егу науқаны басталды. Өңірдің қала және аудандарында жалпы саны 300 мыңнан астам көшет егу жоспарланған.
Бұл шараға кез келген тұрғын атсалыса алады. Орманды қалпына келтіру ісінде заманауи технологияларға айрықша көңіл бөлінуде. Аймақта жабық тамыр жүйесі бар орман тұқымбақ станциясын салу қолға алынбақ. Мұндай әдіс егілетін көшеттердің сапасын арттырып қана қоймай, олардың жерсіну деңгейін де едәуір жоғарылатады.
Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында орман алқаптарын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2027 жылға дейін 2 мың гектардан астам аумақта шамамен 7 млн көшет егу көзделген. Бүгінде орман және жануарлар дүниесін қорғау ісін үш мемлекеттік мекеме – Қарағанды, Қу және Ақтоғай орман шаруашылықтары атқарып отыр.
– Биылдың өзінде 400 гектардан астам аумақта 1,6 млн-нан аса қарағаш, үйеңкі және қарағай көшеттерін отырғызамыз. Көктемде шамамен 1,3 млн көшет егілсе, қазір күзгі науқан жүріп жатыр. Күзде тағы 300 мыңнан астам ағаш егіледі, – деді Бахтияр Санбаев.
Өңірді егу материалымен қамтамасыз ету үшін Новодолинка ауылындағы орман тұқымбағы жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 1,3 млн стандартты көшет өсіріледі. 2027 жылға қарай оның қуаттылығын екі есеге жуық арттыру жоспарланып отыр.
– Қазіргі таңда облыс тұқымбақтарында 2,5 млн-ға жуық түрлі ағаш көшеті бар. Негізінен үйеңкі, қарағаш пен қарағай өсіріледі. Бұған қоса, алдағы жылдарға арналған тұқым қоры да дайындалған. Тек биылдың өзінде 4 тоннадан астам тұқым жиналды. 2027 жылға дейін шамамен 4 млн жаңа көшет өсіруді жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы.
Орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы да нығайтылуда. Биыл автокөліктер, тракторлар, соқалар және өзге де арнайы техникалар сатып алынды.
Жабық тамыр жүйесі бар орман тұқымбақ станциясының құрылысы орман қорын ұлғайтудағы маңызды қадам болмақ. Бұл технология көшеттерді далалық жағдайға барынша бейімделген күйде егуге мүмкіндік береді.
– Қазір біз негізінен тұқымды орманнан жинап, Көкшетаудағы станцияға жібереміз. Онда тұқымдар тазаланып, сапасы тексеріледі. Кейін олар біздің тұқымбақтарға жеткізіліп, өсіріледі де екі жылдан соң орман қорына қайтарылады. Алайда ашық топырақтағы көшеттердің жерсіну пайызы әлі де төмен. Жаңа станцияда арнайы субстрат арқылы көшеттерді жабық жүйеде өсіреміз. Осылайша ағаштар тамыр жүйесі қалыптасқан топырағымен бірге егіледі. Бұл тәсіл жерсіну көрсеткішін қазіргі 60%-дан 70–80%-ға дейін арттырады, – деп жоспарларымен бөлісті спикер.
Сонымен қатар орманға жарамды аумақтар да кеңейтілуде. Қосымша 6 мың гектардан астам жер мемлекеттік орман қорына берілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында кез келген тұрғын күзгі ағаш егу науқанына қатыса алады. Қарағанды орман тұқымбағында сатылымға үйеңкі, қарағаш, қараған, қарағай және шағанның биіктігі 1–2 метрлік көшеттері ұсынылған.