Қарағанды облысының ауылдық мектептерінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың оқып, дамуына жағдай жасалуда. Нұра ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінде инклюзивті білім беру кабинеті жаңғыртудан өтті. Енді мұнда заманауи жабдықтар, арнайы аймақтар және ерекше білім алуды қажет ететін балалардың әлеуетін ашуға көмектесетін кәсіби мамандар тобы бар.
Кабинет мектепте бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Онда білікті мамандар қызмет атқарады: екі психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог және педагог-ассистент. Олар түзету және дамыту сабақтарын жүргізіп, балалардың әлеуметтенуіне көмектеседі. Қазір мектепте 526 оқушы оқиды, олардың 13-і ПМПК қорытындысы бойынша бейімделген бағдарламаларды меңгеруде. Жаңғыртылған кабинет олар үшін оқу мен қарым-қатынаста басты тірек болады.
Жөндеуден кейін кабинет төрт аймаққа бөлінді: жеке және топтық сабақтарға арналған бөлме, релаксацияға арналған сенсорлық аймақ, моториканы дамытуға бағытталған дидактикалық модульдер және құмды жарық үстелі мен тактильді ұяшықтары бар аймақ. Әлеуметтік педагогқа арналған жұмыс орны да жеке жабдықталды: мұнда заманауи моноблок, принтер және әдістемелік материалдар бар.
— Инклюзивті білім беру кеңістігін құру және дамыту — бұл әр баланың жеке ерекшеліктеріне қарамастан өзін қабылданған, түсінілген және қажет сезінетін болашағына қосқан үлес, — дейді мектеп директоры Татьяна Юнгенштейн. — Мемлекет пен білім беру ұйымдарының қолдауы білімді баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Мектептегі инклюзивті ортаның дамуы «Қазақстан халқына» қорының ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту жобасы аясында жүзеге асты.
Бағдарлама шеңберінде білім ордасы 250 миллион теңгеге заманауи жабдықпен қамтамасыз етілді. Инклюзия кабинетіне қоса, мектепте STEM-зертхана, робототехника, физика және химия кабинеттері жаңа зертханаларымен ашылды, акт және спорт залдары мен мектепке дейінгі даярлық кабинеттері жаңартылды.
Мектеп сонымен қатар Нұра ауданындағы басқа да білім беру ұйымдары үшін ресурстық орталық қызметін атқарады: мұндағы мамандар ерекше білім алуды қажет ететін балалар мен олардың ата-аналарына кеңес береді, әдістемелік әзірлемелермен бөліседі.
Мұғалімдер инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттырып, ерекше балалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін енгізуде. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді.