Қарағанды облысында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің үздік қызметкерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды.
Бұл күн Қазақстанда биыл алғаш рет ресми түрде белгіленіп отыр.
Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сала мамандарын құттықтап, олардың қоғамдағы еңбегінің айрықша маңызын атап өтті.
– Санитарлық қызметтің жұмысы көп жағдайда көзге түсе бермейді. Бірақ дәл сіздер инфекциялармен, эпидемиялармен және өзге де биологиялық қауіп-қатерлермен күрестің алдыңғы шебіндесіздер. Ұзақ уақыт бойы сіздердің еңбектеріңіз екінші қатарда қалып келді. Алайда COVID-19 пандемиясы кезінде өз кәсіптеріңіздің қаншалықты қажет әрі маңызды екенін дәлелдедіңіздер. Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің, білімдеріңіздің және адал еңбектеріңіздің арқасында қалалар мен ауылдарымызда қауіпсіз орта қалыптасып отыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін.
Салтанатты жиында сала мамандарына ҚР Премьер-Министрінің және Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Марапат иелерінің қатарында Ақтоғай аудандық басқармасының бас маманы Зауреш Битанова да бар. Ол бұл салаға 38 жыл өмірін арнаған.
– Жылдар бойы қиындықтарды да, жетістіктерді де бастан өткердік. Ең ауыр кезең – пандемия кезі болды. Біздің еңбегіміз еленіп, кәсіби мереке белгіленгеніне қуаныштымын. Барша әріптестеріме мықты денсаулық пен береке тілеймін. Мамандық бізге әрдайым қуаныш сыйлап, мақтаныш көзіне айналсын! – деді Зауреш Битанова.
Қарағанды облысы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин де әріптестеріне алғыс білдірді.
– Сіздердің еңбектеріңіз өте жауапты әрі күрделі. Дендеріңіз сау болып, күш-қуаттарыңыз сарқылмасын. Біз бірге санитарлық қауіпсіздікті барлық деңгейде қамтамасыз ете береміз, – деді ол.
Айта кетейік, осы жылдан бастап 15 қыркүйек – санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде ресми аталып өтеді.