Қарқаралы ауданында Қарағанды облысы ЖОО студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының үш күндік көшпелі активі өтті. Іс-шараға азаматтық қоғамның дамуына және жастар жобаларына қызығушылық танытқан белсенді, бастамашыл студенттер қатысты.
Бағдарламаға тренингтер, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына экскурсия, мәдени іс-шаралар және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы енгізілді.
Қарқаралыға келген алғашқы күннен-ақ студенттер белсенді іске кірісті: олар жергілікті жастарға мотивациялық тренинг өткізіп, кейін ұлттық паркке саяхат жасады. Кешкісін қатысушылар үшін мәдени-ойын-сауық бағдарлама ұйымдастырылды. Онда студенттер пікір алмасып, жаңа идеяларымен бөлісіп, еркін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды.
Екінші күн «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен басталды. Жастар ұлттық парктің аумағын тазартты.
Күннің маңызды іс-шараларының бірі – «Заң мен тәртіпті қалыптастыратын қоғам. Тәуелділіктің алдын алу және жаһандық қылмыспен күрес» атты білім беру тренингі болды. Оны «Esbol Qory» қорының төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Жандос Ақтаев жүргізді.
Студенттер Қарқаралының тарихымен де танысты. Олар Құнанбай мешітіне, Бұғылы тоғанына және «Ту тұғыры» монументіне барды.
Үшінші күн командалық жұмыс пен жеке тұлғалық дамуға арналды. Тимбилдинг барысында қатысушылар команда құруға арналған жаттығулар орындап, көшбасшылық қасиеттерін және коммуникациялық дағдыларын дамытты. Соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, жаңа идеяларды талқылап, өз оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқаруды жетілдіру жоспарларын жасады.