Қарағандыда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ел чемпионаты өтіп жатыр: 270 спортшы бақ сынауда

Қарағандыда жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ел чемпионаты өтіп жатыр: 270 спортшы бақ сынауда

Қарағандыда үстел теннисінен Қазақстанның жасөспірімдер чемпионаты басталды. Бұл жарыста 2008 жылы туған және одан жас спортшылар командалық, жеке және жұптық сайыстарда мықтыларды анықтайды. Барлығы 270 теннисші қатысып отыр.

Чемпионатқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 17 өңірінен келген командалар жиналды. Бір аптаға созылатын сайыстар «Сарыарқа» үстел теннисі орталығында өтеді.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысушыларға Қытайдың алты дүркін олимпиада чемпионы Ма Лунның спорттық мансабын мысал ретінде келтірді.

— Сендердің араларыңнан да болашақта оның жетістігінен асып түсетіндер шығады деп сенемін. Әр соққан шарларың сендерді армандарыңа жақындата берсін. Сәттілік тілеймін, — деді ол.

Қазақстан үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов спортшыларды құттықтап, Қарағандының еліміздегі үстел теннисінің жетекші орталықтарының біріне айналғанын атап өтті.

Ұлттық құраманың бас бапкері Эльмира Әлиева да сөз алып, аймақтағы дамуды ерекше бағалады.

— Қарағанды облысында үстел теннисімен 13 мыңнан астам адам айналысады, соның ішінде төрт мыңға жуығы ауылдық жерлердің жастары. Біз қыздардан да үлкен үміт күтеміз. Жалпы, қарағандылық командадан табысты өнер көрсетуді күтіп отырмыз, — деді ол.

Қарағандыдағы үстел теннисі мектебі еліміздегі ең мықты спорт мектептерінің бірі саналады. Мұндағы спортшылар ұлттық чемпионаттарда, клубтық турнирлерде, спартакиадалар мен халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 

Айтарлықтай жетістіктер қатарында — жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатындағы қола медаль, сондай-ақ Алан Құрманғалиевтің жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіп алған алтын және қола жүлделері бар.

Жақында спорт шеберлігіне кандидат Дарья Фу Батуми қаласында өткен халықаралық WTT Youth Contender турнирінде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. Оның еншісінде бұған дейін де елеулі табыстар бар — ел чемпионатындағы жұптық сайыстағы жеңісі соның бірі.

— Үстел теннисіне мені бала кезімде осы спортпен айналысқан әкем әкелді. Жаттығып жүргеніме он бір жыл болды. Әрине, жеңістер де, жеңілістер де кездесті, спорттан кеткім келген сәттер де болды. Бірақ әрдайым жалғастыруға күш таба білдім, — дейді ол. — Қазан айында Астанада өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысып, жақсы нәтиже көрсетуге ниеттімін.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы жасақталып, халықаралық додаларда және Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.