Алматыда өткен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары бес жүлде иеленді. Команданың қоржынына екі алтын, екі күміс және бір қола медаль түсті.
Жалпы ел біріншілігіне 500-ге жуық спортшы қатысты. Қарағанды облысының атынан 23 жас дзюдошы сынға түсті.
Жекпе-жектер қорытындысы бойынша Аида Тойшыбаева мен Шерхан Алтанов алтыннан алқа тақты. Чемпионаттың күміс жүлдегерлері атанғандар – Дінасыл Таттымбек пен Ақжол Дүйсенбаев. Қола медаль Диас Таңатханға бұйырды.
– Барлық белдесулер тартысты өтті: еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар күресті. Жалпы алғанда біздің дзюдошылар жақсы нәтиже көрсетті. Жаттықтырушы ретінде мен олардың өнеріне көңілім толады. Әрине, сәл көбірек үміт артқан едім. Ақжол Дүйсенбаев өз салмағында алтын алады деп сенгенмін, бірақ бұл жолы жолы болмады. Бұл – спорт, мұндай жағдайлар болып тұрады, – деді Қарағанды облысының жастар арасындағы дзюдо бойынша аға жаттықтырушысы Қайрат Жұмабек.
Жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысының құрамасы екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды үш алтын медаль жеңіп алған Түркістан облысының дзюдошылары иеленді.