Майлықтар мен жуғыш заттардан бастап брондалған кеудешелерге, қайта өңделген пластиктен жасалған люктерге, ауыр өнеркәсіп пен машина жасау өнімдеріне дейін – Қарағанды облысында жергілікті өндірушілер өздерінің кең ассортиментін ұсынды.
Мұнда «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық байқау-көрмесінің аймақтық кезеңі өтті. 70-тен астам кәсіпорын арасынан қазылар алқасы үш аталым бойынша тоғыз үздікті анықтап, олар енді ел бойынша «үздік» атағына таласпақ.
– Мемлекет басшысы отандық өндірісті қолдаудың маңыздылығына үнемі тоқталып келеді. Біздің өңірде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, күнделікті тұтынатын тауарлар өндірісі өркендеуде. Мұның бәрі осы көрмеде айқын көрініс тапты. 70-тен аса кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды. Сіздер қажетті тауар шығарып, бәсекеге қабілетті екендеріңізді дәлелдеп отырсыздар. Жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ пен тұтас елдің дамуына үлес қосып келесіздер. Әрқайсымыз жергілікті өндірушілерді қолдауға тырысамыз деп сенемін. Сарыарқада жасалған өнім – бұл сапа мен адамға деген қамқорлық. Өз тауарөндірушілерімізді қолдай отырып, біз экономиканы дамытамыз, брендтерімізді нығайтамыз, өңірдің болашағына инвестиция саламыз, – деді марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жеңімпаздар:
«Нәтиже» сүт фабрикасы,
«Қарағанды-Нан» корпорациясы
және «Мецгер» шұжық цехы. Бұл брендтер қарағандылықтарға жақсы таныс әрі нарықта жоғары беделге ие.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында QazTehna автобус және арнайы техника зауыты үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ антифриз өндіретін «Азия-СМ» компаниясы мен теміржол саласына арналған жабдықтар шығаратын Drive Industry кәсіпорны да жеңімпаздар атанды.
«Азия-СМ» ЖШС директоры Светлана Сороколетованың айтуынша, Қарағандыда шығарылған антифриздер бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары сұранысқа ие. Өнім Ресей мен Өзбекстанға экспортталуда.
Drive Industry көрмеге рельс кесуге арналған құрал әкелді.
– Біз 2011 жылдан бері жұмыс істейміз. Өнімдерімізді ішкі нарыққа ұсынып қана қоймай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстанға да экспорттаймыз. Негізгі өніміміз – вагондардың тежеу жүйесіне арналған қосқыш шланг. Құрылған күннен бастап заман талабына сай болуға ұмтылып келеміз. Бүгінде бізде озық технология мен заманауи еуропалық жабдықтар бар, – деді жоба менеджері Әлібек Смақов.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында тұрмыстық техника өндіретін Silk Road Electronics зауыты,
90-нан астам тұрмыстық химия түрін шығаратын WEC Trade
және лак-бояу өнімдерін өндіретін «Теміртау Темір-Барс» кәсіпорны үздік деп танылды.
– Биыл біз үшін ерекше жыл болды: Samsung брендімен тұрмыстық техника шығаруды жолға қойдық. Бір айдың ішінде 13 мыңнан астам теледидар мен кір жуғыш машина өндірдік. Сонымен қатар Artel брендімен де өнім шығарып отырмыз. Нарық сұранысын қанағаттандыру үшін екі ауысымдық жұмыс режиміне көштік. Қазір кәсіпорында 300-ден астам адам еңбек етуде. Бұл жеңіс – бүкіл ұжымның еңбегінің жемісі, өнімдеріміздің жоғары бағаланғанының айғағы, – деді Silk Road Electronics директоры Александр Критский.
Сонымен бірге Қарағанды облысы әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығы табысталды. Бұл марапатқа Саран қаласындағы Kazcentrelectroprovod кәсіпорны ие болды. Компания оптикалық және LAN кабельдерінің жетекші өндірушісі саналады.
Компанияның атқарушы директоры Валерий Гнаузердің айтуынша, өндіріс үнемі жетілдіріліп, өткізу нарығы кеңейіп келеді. Өнімнің шамамен жартысы шетелге экспортталады. Негізгі бағыттар – Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Германия, Австрия, Швейцария және Англия. Алдағы уақытта Франция мен Испания нарығына шығу жоспарда бар. Бүгінде кәсіпорында 250 адам еңбек етеді.
«Қазақстанның үздік тауары» байқауы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығымен қатар 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
Осы уақыт ішінде ол отандық тауарөндірушілерді ілгерілетудің маңызды алаңына айналды.
Бірқатар қарағандылық компаниялар республикалық деңгейде марапатқа ие болған.