Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі: кәсіпкер ауылға ауызсу жеткізді

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі: кәсіпкер ауылға ауызсу жеткізді

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Татан ауылында дүниеге келген кәсіпкер әрі меценат Айдос Ақшонтаев өз қаражатына Қарағаш ауылындағы 43 үйге орталықтандырылған ауызсу тартып берді. Бұл бастама ауыл халқы үшін аса маңызды мәселенің шешіміне айналып, бизнестің қоғам өмірін жақсартуға қосатын нақты үлесін көрсетті.

Өткен жылы ауыл мектебінің 100 жылдық мерейтойында тұрғындар таза ауызсудың жоқтығын мәселе ретінде көтерген еді. Сол жиында Айдос Ақшонтаев көмектесуге уәде беріп, биыл сол уәдесін толық орындады – су құбыры әрбір үйге жеткізілді.

Айдос Ақшонтаев – қазақ күресі, самбо және дзюдо бойынша спорт шебері, Қарағанды облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті. Ол спорттағы жетістіктерімен өңірдің атын республика деңгейінде танытқан азамат. Қазір кәсіпкер спортты қолдаумен қатар, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, демеушілік пен қайырымдылық жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді.

2020 жылы ол туған ауылы Татанда мешіт салып, ел игілігіне ұсынды. Жыл сайын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, отын, мектеп құралдарын жеткізіп, «Мектепке жол» және басқа да әлеуметтік жобаларға қатысып жүр.

Қарқаралы ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша