Қазақстан кубогы Қарағандыда: ел қылышкерлері алғаш рет Сарыарқа төрінде бақ сынауда

Қазақстан кубогы Қарағандыда: ел қылышкерлері алғаш рет Сарыарқа төрінде бақ сынауда

Қарағанды алғаш рет Қазақстан кубогын қабылдап отыр. 15–21 қыркүйек күндері облыс орталығында ересектер арасындағы республиканың басты турнирі өтіп, елдің ең мықты қылышкерлері өзара бақ сынасуда.

Жарысқа Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Қарағанды облыстарынан спортшылар қатысты.

Алғашқы күндері – 15–16 қыркүйекте – рапирашылар сынға түссе, кейін семсершілер жарыс жолына шықты. Турнирді дәстүр бойынша қылышкерлер түйіндейді. Бұл сында жергілікті жанкүйерлер ерекше үміт артқан Артём Саркисян мен Анастасия Гулик аймақ намысын қорғайды.

– Қазақстан кубогы Қарағандыда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін мұнда балалар арасындағы ел чемпионатын өткізген едік. Ол сынақ іспетті турнир Қарағандының ауқымды жарыстарды қабылдай алатынын көрсетті. Енді біздің семсершілер – Артём Саркисян мен Анастасия Гулик – өз жерінде алғаш рет сайысқа түсуде. «Өз үйің – өлең төсегің» дегендей, жергілікті қолдаудың өзі үлкен күш береді. Ертең олардың өнерін бәріміз бірге бағалаймыз, – деді ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов.

Қазір ел қылышкерлерінің басты дайындығы – 2026 жылдың шілде–тамыз айларында өтетін Азия ойындарына бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, қарағандылық Артём Саркисян мен Анастасия Гулик алдағы сынның көшбасшылары қатарында.

– Олар өздерін талай рет дәлелдеді. Мәселен, Артём Саркисян – ерлер семсері бойынша ұлттық құраманың көшбасшысы. Ол Қазақстан тарихында алғаш рет Әлем кубогында күміс жүлде жеңіп алды, Азия ойындары мен Азия чемпионатының қола медалін иеленді. Анастасия Гулик те Тбилисидегі әлем чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізді: үздік 16 спортшы қатарына еніп, тек болашақ олимпиада чемпионына жол берді, – деп атап өтті Тимур Байтасов.

Мемлекеттік жаттықтырушының айтуынша, бүгінде қазақстандық жанкүйерлер қылышкерлерден боксшылар секілді серпіліс күтуге әбден негіз бар.