Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданының тұрғындарымен кездесіп, инфрақұрылымды дамыту, жаңа мектептер салу, жолдарды жөндеу және мәдени мұраны сақтау мәселелерін талқылады. Әрбір қатысушы өз сауалын тікелей қоюға мүмкіндік алды.
Кездесуге облыстық басқармалар мен аудандық, қалалық бөлімдердің басшылары да қатысып, тұрғындар сауалдарына бірден жауап беруге тырысты.
Қарқаралы ауданында әлеуметтік жобалар, инфрақұрылымды жаңғырту және туризмді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды – Қарқаралы бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды.
– Өңір тұрғындары бұл өзгерісті сезініп үлгерген болар. Жолдың жақсаруы туристер легінің артуына да ықпал етуде. Қарқаралының болашағы туризммен тығыз байланысты, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Экология мәселесі де маңызды. «Таза Қазақстан» бастамасын әркім өзінен бастауы тиіс. Бұл тек әкімдікке жүктелген міндет емес, бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Қазір ауданда күзгі тазалық айлығы басталды. Көпшілігі белсене қатысады деп сенемін.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жарлы ауылында ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілді, Қарағайлы кенті мен Көктас ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен дәл осындай нысан Нүркен ауылында да салынып жатыр.
– Инфрақұрылымды дамыту үшін инвесторларды тарту маңызды, әсіресе жастарға арналған тұрғын үй саласында. Басқа өңірлерде мұндай табысты тәжірибелер бар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сіздерде «Қазақмыс» корпорациясы Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отыр. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің жарқын үлгісі.
Кездесу барысында тұрғындар Егіндібұлақ – Қарқаралы жолының жағдайын, сондай-ақ Тәттімбет, Қасым Аманжолов, Талды ауылдарындағы ауылішілік жолдардың жөнделуін сұрады. Бұл мәселе тұрғындарды жылдар бойы алаңдатып келеді. Облыс әкімі бұл бағыттағы қайта жаңғырту жұмыстары «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесе отырып келесі жылы басталатынын хабарлады.
Электрмен қамту, тарифтер және коммуналдық жүйелердің жұмысы да сөз болды. Қарқаралыдағы кейбір үйлердің жертөлесін жер асты сулары басып кететіні айтылды. Осыған байланысты облыс әкімі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жобаны қайта тексеруді, қала әкіміне мәселені шешуді тапсырды.
Биыл ауданда сегіз мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, Ынталы ауылындағы №3 және Егіндібұлақ ауылындағы №5 мектептер «Мектептерді жаңғырту» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтуде. Егіндібұлақ мектебіндегі жұмыс жақын арада аяқталуы тиіс. Облыс әкімі МСҚБ-ға бұл нысанды ерекше бақылауға алуды тапсырды.
2026 жылы осы бағдарлама бойынша Ынталы, Жарлы және Бүркітті ауылдарындағы тағы үш мектеп жөнделеді. Сонымен қатар, Матақ, Аппаз және Томар ауылдарындағы мектептерді де бағдарламаға қосу қажет.
Тұрғындар жылумен қамту мәселесін де көтерді, соның ішінде мектептерге жеткізілетін көмірдің сапасы сөз болды. Облыс әкімі бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырып, әлеуметтік нысандарды уақытылы жылумен қамтамасыз етпегендерге қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
– Біз бірден нәтиже береміз деп уәде етпейміз. Бірақ нақты міндеттер қойылды. Алдымен ірі елді мекендерден бастаймыз, кейін басқаларына көшеміз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, көтерілген барлық ұсыныс пен ескерту бақылауда болатынын айтты.
Кездесуден кейін Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдады.