Қарағанды облысында Бектау ата шатқалына апаратын жолдың жөндеу жұмыстары басталды. Бұл бағыт – туризм үшін тартымды орындардың бірі. Көліктік қолжетімділікті жақсарту саяхатшылардың санын арттырып, демалысқа жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарына қаражат облыстық бюджеттен бөлінді.
Бектау ата шатқалы – жанартаулық тектегі бірегей гранитті массив, Орталық Қазақстандағы көрнекті жерлердің бірі. Мұнда «Жас Қанат» балаларды сауықтыру лагері орналасқан. Балаларды жеткізу әрдайым қиындық туғызатын.
Мердігер ұйымның директоры Маратхан Жұмалиевтің айтуынша, жөндеу жұмыстары үш жылға жоспарланған.
– Биылғы маусымда алғашқы екі шақырым жолды асфальттаймыз. Жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады, – дейді мердігер.
Жолды жөндеумен қатар заманауи жол бойындағы сервисті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Алматы – Екатеринбург тас жолының шатқалға апаратын бөлігінде инвесторларға көпфункционалды кешен, базар, кафе, супермаркет, жанармай құю бекеті, техникалық қызмет көрсету орталығы және автожуу нысандарын салу үшін алты жер телімі берілген. Нысандардың бір бөлігі қазірдің өзінде салынып жатыр.