Қарағанды облысында ірі жоба – «Жарлы – Қарқаралы» су құбырының құрылысы аяқталды. Бұған дейін тұрғындар орташа пайдаланылу мерзімі елу жылға жуық ұңғымалардың суын қолданып келген. Көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселені шешу үшін ауқымды жұмыс атқарылды. 38 шақырым су құбыры желісі тартылып, төрт сорғы станциясы мен екі көлемді резервуар орнатылды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралы ауданына жұмыс сапары барысында нысанның іске қосуға дайындығын тексерді.
Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусиннің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта су Қарқаралыға жетті. Қазір желілер мен резервуарларды шаю және залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Санитарлық қызметтің қорытындысы алынғаннан кейін нысан пайдалануға беріледі, ал тұрғындарға таза су жаңа құбырлар арқылы жеткізіледі.
Мамандардың есептеуінше, жерасты су көзі келесі ондаған жылдарға жетеді.
Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ауданда тағы бірнеше ауылда су құбыры желілерін салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жобалар аяқталған соң аудан 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізеді.
Ермағанбет Бөлекпаев Көктас ауылына да барды. Онда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Әлеуметтік жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Кешен ашылғаннан кейін бұқаралық спорт қолжетімді болады, балалар мен жастар үшін қосымша секциялар ашылады. Мұнда бір мезгілде 40 адамға дейін жаттыға алады. Жобада үлкен спорт залы, бапкерлер бөлмелері, жуынатын бөлме және киім ауыстыратын орындар қарастырылған.
Жаңа ауылдық ДСК келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыс әкімі күрделі жөндеуден кейін ашылған өрт сөндіру бөлімшесіне де барды.
Әмбебап құтқару бөлімшесі заманауи техника және құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Бұл төтенше жағдайларға жедел әрі тиімді әрекет етуге, азаматтық қорғанысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Бөлімше қызметкерлерінің міндеттері ауқымды – бұл тек өртпен күрес емес,
сондай-ақ алдын алу, авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстары.
Туризмді дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Ермағанбет Бөлекпаев «Бұғылы» рекреациялық аймағында болды. Мұнда 75 гектар аумақта заманауи туристік кешен салынады. Қазір қажетті инженерлік коммуникациялар – су, кәріз жүйесі, электр желілері мен байланыс инфрақұрылымы тартылуда.
«Бұғылы» табиғи оазисі кездейсоқ таңдалмаған: рекреациялық аймақтың аумағы Қарқаралы қаласына жақын орналасқан және Ұлттық табиғи паркке ұласады. Жобаны аяқтау келесі жылға жоспарланған. Оның жүзеге асуы туристер ағынын арттыруға мүмкіндік береді.