Қарағандыда интеллектуалды көлік жүйесін (ИКЖ) енгізу жұмыстары аяқталды. Бұл дегеніміз – енді қаладағы барлық бағдаршамдар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай басқару орталығына біріктірілді. Мұндай жүйе көлік ағынын тиімді реттеп, кептелістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа технологияның қалай жұмыс істейтіні және ол қарағандылық жүргізушілерге қандай пайда әкелетіні туралы Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолаушылар көлігі секторының бас маманы Дастан Оспанов айтып берді.
– Автомобиль қозғалысын реттеу үшін жасанды интеллект қолдану – әлемдік тәжірибе. Бағдарлама шетелде әзірленген, бірақ біздің жағдайға бейімделді. Жүйені енгізумен отандық компания айналысты, әрі қарай оған біздің мамандар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ барлық серверлер осында орналасқан, – дейді Дастан Оспанов.
Қазіргі уақытта ИКЖ құрамына 206 бағдаршам біріктірілген. Олардың барлығы ТКШ бөлімінің балансында. Жасанды интеллекті қолданатын жүйе бағдаршамдардың жұмысын нақты уақыт режимінде үйлестіріп, жолдағы жағдайға жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Мысалы, қарбалас уақытта жүктемесі көп қиылыста кептелісті қысқа мерзімде жоюға болады. 206 бағдаршамның 60-ы «жасыл толқын» режимінде жұмыс істейді. Бұл – рұқсат беретін жасыл сигналдардың қосылу уақыты жүргізушілердің ұзақ қашықтықты қосымша аялдаусыз өтіп кетуіне ыңғайланып үйлестірілген деген сөз. Осылайша көлік қозғалысы бірқалыпты болып, кептеліс қаупі едәуір азаяды.
Жаңа бағдаршамдар да орнатылды. Олар арнайы детекторлармен жабдықталған, соның арқасында операторлар жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылай алады.
ИКЖ аясындағы тағы бір жаңашылдық – көптеген қиылыстарда орнатылған кері санақ таблоларының алынуы.
– Бұған екі негізгі себеп бар. Біріншіден, бағдаршамдардың жұмысын реттеуде кері санақ таблолары дұрыс көрсетпеуі мүмкін. Мәселен, таблода әлі қызыл жанған секундтар көрінуі мүмкін, бірақ бағдаршамда жасыл түс жанып тұрады. Екінші себеп – табло дұрыс істеген жағдайда да жүргізушілер соңғы екі-үш секундты көргенде, жылдамдықты азайту орнына арттырып, «үлгеріп өтіп кетуді» ойлайды. Ал кері санақ таблоларын алып тастау арқылы біз осы үрдістен арылтамыз. Мұны Шымкент, Астана және Алматы қалаларының тәжірибесі дәлелдейді. Онда да осындай жүйелер енгізіліп, кері санақ таблолары алынып тасталды. Нәтижесінде орташа жылдамдық төмендеді, – деп түсіндірді Дастан Оспанов.
Маңыздысы – ИКЖ интернет байланысы болмаған жағдайда да жұмыс істейді. Бұл арнайы GSM-модульдер арқылы жүзеге асады. Олар бағдаршамдарды алдын ала берілген алгоритм бойынша интернет өшкен сәтте де істен шықпай, үздіксіз жұмыс істеуге бейімдейді.