Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде «Жас құтқарушы» атты кадет сыныбы ашылды

Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде «Жас құтқарушы» атты кадет сыныбы ашылды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 қайырымды іс» эстафетасы жалғасуда. 

Осы орайда Қарағанды қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте жаңа «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды. 

Енді оқушылар өрт немесе судағы төтенше жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін, алғашқы медициналық көмек көрсетуді және құтқару құралдарын пайдалануды үйренетін болады. Бұл балалар мен жасөспірімдердің жауапкершілігін арттырып, қиын жағдайда көмекке келуге дайын болуына септігін тигізеді.

Сыныптың ашылу салтанатында сегізінші сыныптың 20 оқушысы кадет антын қабылдап, арнайы куәліктер алды. Жаңа сынып заманауи жиһазбен, техникалық құралдармен, оқу-әдістемелік материалдармен, сондай-ақ құтқару және өрт сөндіру жабдықтарымен толық жабдықталған.

– «Жас құтқарушы» кадет сыныбының ашылуы – бұл тек қауіпсіздікті арттыру жолындағы қадам ғана емес, бұл – болашаққа салынған инвестиция. Ертең осы балалар біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін, – деді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.

Сондай-ақ оқушылар үшін өрт сөндіру техникасының көрмесі мен төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша