Қарағандылық боксшы Аида Әбікеева Англиядағы жеңістен кейін Қарағандыға оралды

Қарағандылық боксшы Аида Әбікеева Англиядағы жеңістен кейін Қарағандыға оралды

Қарағандыда екі дүркін әлем чемпионы, жерлесіміз Аида Әбікееваға ерекше құрмет көрсетілді. Англиядағы жарқын жеңістен соң спортшы туған жеріне оралып, оны жерлестері әуежайда салтанатты түрде қарсы алды. 

Қызыл кілем төселіп, ән шырқап, жанкүйерлер сүйікті спортшысына гүл сыйлап, ыстық ықыластарын білдірді.

Чемпионды құттықтап, оның табысына қуаныштарын жеткізуге облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев, туыстары, достары мен әріптестері келді.

Аидаға үлкен қолдау көрсеткен анасы Қарлығаш Әбікеева қуанышымен бөлісті:

– Әрине, шексіз мақтанамын. Қызымның жеңісіне әрқашан сендік. Бірақ жекпе-жектерін көру оңай емес: қатты уайымдаймын, орнымнан тұрып кетемін, қайта келемін. Толқуымды ауыздықтау өте қиын, – деді ол.

Аида Әбікееваның өзі де толқығанын айтып, сол сәтте қолдау көрсеткен барша халыққа ризашылығын жеткізді:

– Ливерпульге сапар алдында алдыма мақсат қойдым – екі дүркін әлем чемпионы атану. Бұл межеге жеттім. Қазақстан халқының зор қолдауын сезіндім. Барша қазақстандықтарға, қарағандылықтарға, басқарма мен федерация басшылығына алғыс айтамын. Осындай сенім мен қолдау бізді жаңа шыңдарға жетелейді, – деді чемпион.

Спортшы өзінің жеңісін атасына арнады. Бала кезінен спортқа баулыған да – атасы. Кәсіпқой балуан болған ол Аиданы 11 жасында боксқа әкеліп, алғашқы жарыстарға бірге қатысқан.

Айта кетейік, 2025 жылы Аида Әбікеева Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) өткізген әлем чемпионатында топ жарған еді. Биыл Англияда өткен World Boxing біріншілігінде ол әлемнің үздігі мәртебесін тағы растады.

65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтынға апарар жол оңай болмады. Ширек финалда Аида Токио-2020 Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы түркиялық Бусеназ Сүрменеліні айқын басымдықпен жеңді. 

Ең ауыр сындар – жартылай финал мен финалда болды. Жартылай финалда ол ирландиялық Грэйни Мэри Уолшты, шешуші айқаста өзбек боксшысы Навбахор Хамидованы тізе бүктірді.

Ендігі басты мақсат – 2028 жылғы Олимпиадаға жолдама алу.

– Бұл чемпионаттан кейін Аидаға демалыс беріледі. Ал келесі жылдан бастап қайтадан оқу-жаттығу жиындары, ірі жарыстар – Азия ойындары, әлем кубоктары және басқа да турнирлер басталады. Біз Олимпиадаға тыңғылықты дайындық жүргіземіз, – деді Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин.

Кездесуде көптеген жас спортшылар болды. Олар үшін жерлесінің жеңісі – табандылықтың, еңбекқорлықтың әрі спортқа адалдықтың нағыз үлгісі.